378,46 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында оқушылар балабақша ғимаратында білім алуға мәжбүр

  • 263
  • UPD: 08:55, 03.12.2019

Алматы облысы Кербұлақ ауданы Қосағаш ауылындағы оқушылар балабақша ғимаратында білім алып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

100-ге жуық бала былтырдан бері сол мекемеде оқуға мәжбүр.

Өйткені, 80 жыл бұрын салынған мектептің әбден тозығы жетіп, жарамсыз күйге түскен. Осыған орай елді мекенде жаңа білім ордасы салына бастаған болатын. Құрылыс келесі жылдың алғашқы тоқсанында бітуі керек. Алайда қазір жұмыс тоқтатылған. Тұрғындар басталған іс  бітпей қала ма деп алаңдаулы.

Ирина Тихонованың ата-анасы Қосағаш ауылына 1940 жылдары қоныс аударыпты. Білім ордасы сол кезде көпшіліктің күшімен салынған екен. Ескі мектепте өзі кейіннен бала-шағасы білім алған. Енді немерелерім жаңа ғимаратта оқыса екен дейді.

Ирина Тихонова, Қосағаш ауылының тұрғыны: 

– Мектепті тездетіп салса екен. Біз бұл ғимаратты көптен күттік. Өйткені, қазіргі мектепте балаларға ешқандай жағдай жасалмаған. Оқушылар заманауи білім ордасында оқуға лайықты.

Мектеп ретінде пайдаланылып отырған ғимарат осы. Бұрын  балабақша болған. Шағын мекеменің тарлығы сондай дәлізінде екі адам қатарласып жүре алмайды. Бөлмелері де пластикпен бөлініп, сыныпқа бейімделген.

Сая Сейітқожаева, Қосағаш орта мектебінің директоры:

– Бір кабинет. Пластикпен бөлініп оқып отырмыз. Бұл қиындық тудырады. Жүріп жатқан сабақ екінші кабинетке естіліп жатады.  

Қазіргі дене шынықтыру ғимараты білім ордасынан бөлек тұр. Кезіндегі клубты ұстаздар қауымы мен ауыл тұрғындары өз күшімен спорт зал етіп алған.   

Аманбай Ешмұханбетұлы, Қосағаш орта мектебінің шаруашылық меңгерушісі:

– Еденін ауыстырдық. Ана жерде сахна болған. Ол сахнаны бұзып, кеңейтіп еденіне дейін өзіміз жасадық. Ауданнан қаражат бөлінді.

Биыл көктемде ауылда жаңа мектептің құрылысы басталған болатын. Наурыз айында берілуі тиіс 80 орындық білім ордасының бүгінге дейін іргетасы ғана құйылған. Қалған жұмыстар тоқтатылып, келесі жылдың еншісіне қалдырылыпты.

Әлия Бақтиярова, Көксу ауылдық округінің әкімі: 

– Құрылыс 700 млн теңге тұрады. 2019 жылға 100 млн бөлініп, толықтай игерілді. Енді 2020 жылы қалған 600 млн теңгесі бөлінген соң құрылыс жалғастырылады.

Ермек Досалбаев, аудандық білім бөлімінің басшысы:

– Бұйырса құрылыс жұмыстары жалғасады. Оны біздің аудандық құрылыс бөлімі бақылауда. Аудан әкімі де бақылап отыр. Қосымша аудан ақсақалдары тұрғындар бар бізге хабар беріп отырады. Қанша адам келді. Құрылыс жүрді ме жүрмеді ма барлығы біздің бақылауда.

Ауданда 50 -ден аса мектеп бар. Соның жетеуіндегі оқушылар бейімделген ғимаратта оқып білім алып жатыр. Сала жауаптылары әр жыл сайын жаңа білім ордасын салу арқылы өзекті мәселені шешпек. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов.

Хабар 24 телеарнасы