437,98 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырау облысында азық-түлік арзандамай тұр

  • 318
  • UPD: 22:37, 27.01.2020

Ет пен сүт өнімдерінің өзі жыл басынан бері 30-40 теңгеге өскен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал тауық жұмыртқасы бірден 11 процентке қымбаттаған. Оны құзырлы мекемелер де растап отыр. Енді жергілікті билік тұрақтандыру қоры арқылы әлеуметтік нан мен көкөніс бағасын қалыпта ұстаудың қамына кіріскен. 

Атырауда бұрыннан да азық-түлік өнімдерінің бағасы басқа аймақтармен салыстырғанда 15-20 теңгеге қымбат еді. Енді жаңа жылдан бастап баға тағы да шарықтап барады. Зейнетақы мен жалақыға ептеп үстеу қосылса, баға да шарықтап шыға келеді деп налиды тұрғындар.

Облыстық тұрақтандыру қорында өткен күзде қожалықтардан 1115 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері сатып алынған болатын. Қазір осы өнімдер өңірдегі көкөніс бағасын тұрақты ұстап тұруға сеп болуда. Жыл басынан бері қарай қала базарларына 100 тонна өнім тұтынушыға жеткен.

Дмитрий Дю, «Атырау» ӘКК департамент басшысы:

– Бүгінгі күні картоп 100 теңгеден сатылуда. Пияз 81 теңгеден, сәбіз, қырыққабат 92 теңгеден сатылып жатыр. Бұған қоса нанның бағасын тұрақтандыру үшін ӘКК қорға бірінші сортты ұн сатып алды. Бүгінгі күнге 60 тоннадай ұн наубайханаларға жіберілді.

Базарларда ең өтімді саналатын сиыр еті 1700-2200 теңге шамасында. Яғни еліміз бойынша белгіленген шекті бағадан аспаған. Тек жұмыртқа ғана 11 процентке қымбаттапты. 10 данасы 300-320 теңге. Мамандар оны тауық жемі мен оған қосатын түрлі дәрумендердің қымбатауымен түсіндіреді. Құсқа қажетті қоспалар Ресейден тасымалданады екен. Дегенмен тұқым бағасы жазға қарай тұрақтайды деп күтілуде.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев

Хабар 24 телеарнасы