435,87 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мұхтар Жәкішевтің денсаулығы сыр берген

  • 152
  • UPD: 17:38, 03.03.2020

Семей қалалық №2-соты «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтінішін қанағаттандырды.

Отырыс кезінде оның қорғаушысы бір сағаттан астам уақыт сөз сөйлеп, түрмеде отырған Жәкішевтің денсаулығы нашарлап кеткеніне қатысты нақты дәйектер ұсынды. Түзету мекемесінің өкілдері де сотталушының тәртібіне оң баға берді.

Естеріңізге сала кетейік, Мұхтар Жәкішев сеніп тапсырылған мүлікті ысырап еткені және сыбайлас жемқорлық үшін 2010 жылы 14 жылға сотталған. Бұл мерзімнің үштен екісі өтелген еді. Бұған дейін ол шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы 2 рет өтініш білдіргенімен Семей қаласының соты оны қанағаттандырмаған болатын.

Жанат Әбенова, қалалық №2-сотының төрайымы:

- Соттың қаулысы 15 күннің ішінде заңды күшіне енеді, содан кейін Жәкішев мекемеден босатылады. Жәкішевке сот міндеттемелер жасаған. Сол міндеттемелерді бұзса, Жәкішев қайта бас бостандығынан айыру мекемесіне қайтарылады.

Нұрлан Бейсекеев, Мұхтар Жәкішевтің адвокаты:

- Сотқа ризашылығымды білдіремін. Өте әділетті және заң талаптарына негізделген шешім. Барлық дәйектерімізді мұқият қарап, ескерді. Енді наурыздың 19-ы Мұхтар Жәкішев еркіндікке шығады деп сенеміз.

Бұған дейін Семей сотының Мұхтар Жәкішевтің шартты түрде мерзімінен босату туралы өтінішін қанағаттандырғанын хабарлағанбыз.

Хабар 24 телеарнасы