425.59 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Хабар» ұжымы қарттарға сый-құрмет көрсетті

  • 456
  • UPD: 20:57, 06.03.2020

«Хабар» агенттігінің ұжымы аруларды мерекемен құттықтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елордадағы қарттар үйінде концерт ұйымдастырып, ардагерлерге сый-құрмет көрсетті. Қазір орталықта 340-тан астам қария тұрады. Олардың жартысына жуығы – әйелдер.

Жүдеу-жадау жандардың жүзі бүгін жадырап салды. Әшекейлерін тағып, әрленіп келіпті. Зал іші лық толды. Барлығы мәре-сәре. Көптің асыға күткені осы концерт.

Тағдыр тауқыметін тартып, қартайған шағында жақынынан жырақ қалған қариялар қай кезде де қамқорлыққа зәру. Жылы сөз айтсаң да, көңілі жайланып қалады. Сондықтан «Хабар» ұжымы ардагерлерге арнап гүл шоқтарын әзірлеген. Соны тарту етті. Ізінше, сахнаға шығып, өз өнерлерін көрсетті.

Ринат Кертаев, «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

– Біздің қоғамның басым бөлігі болып саналатын нәзік жандылар үшін осындай мереке ұйымдастыру – біз үшін үлкен жауапкершілік. Біздің қарапайым қызметкерлер, журналистер, редакторлар, операторлар, техникалық дирекцияның жігіттері бүгін әжелерімізге арнап концерт дайындады. Бізді эстрада жұлдыздары қолдап, осындай керемет концерт ұйымдастырып жатырмыз.

Қазір «Шарапат» орталығында 340-тан астам адам бар. Жартысына жуығы – әйелдер. Ең егдесі 97 жаста. Шау тартты деуге келмейді. Барлығы тың.

Ардақ Сейітова, «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары:

– 8 наурыз мерекесі қарсаңында біздің мекемеде күнделікті концерттік бағдарламалар өтіп жатыр. Оларға қаладағы барлық еріктілер тобы қатысуда. Сонымен қатар қаладағы барлық театрлар шақырып жатыр. Бүгінде бізге мерекелік бағдарламамен келген «Хабар» арнасына үлкен рақметімізді айтамыз.

Марқайған қарияларды көрдік. Өнерпаздарға қосылып ән айтты, ортаға шығып биледі. Бойы сергіп, серпіліп қалды. Алғыс айтып, баталарын берді.

БЛИЦ:

– Рақмет. Бақытты болыңдар. Өмір жастарың ұзақ болсын. Зор денсаулық тілеймін.

– Жастарың ұзақ болсын. Осылай жақсы күндерде келе беріңдер. Той көп болсын.

– Біздің жасымызды берсін. Біз сияқты бақытты болыңдар. Әке-шешелеріңді сыйлаңдар.

Осы концерттің өтуіне «Хабардың» әрбір қызметкері атсалысты. Мереке қарсаңында қарттарға осылай сый-құрмет көрсетті. Дана қазақ «Қарты бар елдің қазынасы бар» дейді. Көненің көзіндей болған сол жандар аман болсын деп тарқастық.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Марат Диқанбаев

Хабар 24 телеарнасы