Коронавирустан бүгін Ақмола облысында тағы бір адам көз жұмды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Республика бойынша бұл жетінші, ал облыста тіркеліп отырған үшінші өлім. Бақилық болған бұл жолғы науқас та – қарт адам. Целиноград ауданында тұрған. Жасы 91-де. Оның коронавируспен ауырғаны арнайы медициналық сараптама нәтижесінде анықталды. Марқұм осының алдында қауіпті вирустан көз жұмған қариямен байланыста болған екен.
Сүлен Ілиясов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
– Пациент паркинсон синдромы, артериялық гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы және созылмалы бронхит диагноздарымен тiркеуде болған. Ал 1 сәуірден бастап тыныс алуы нашарлап, жүрегі сыр бере бастаған. Жағдайы өкпе мен жүрек ауруларынан одан сайын қиындай түскен. Ал 6 сәуір күні көз жұмған.