420,31 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қолданылған қолғап пен бетперделер қалай жойылады?

  • 905
  • UPD: 21:11, 14.04.2020

Қолданылған қолғап пен бетперделер және антисептиктің құтысы экологиялық таза тәсілмен жойылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оларды жинау үшін елордадағы ойын-сауық орталықтары мен азық-түлік сататын үлкен маркеттерге эко жәшіктер қойылды. Жиналған қоқыс арнайы цехқа жеткізіліп, сонда қауіпсіз жолмен жойылады.

Ойын-сауық орталығы немесе супермаркетке кіре берісте қорапты көрген боларсыз. Елорда әкімдігінің бастамасымен қалада адам көп келетін 20-дан астам орынға осы үлгідегі сексеннен астам жәшік қойылған. Келушілер оған пайдаланылған қорғаныш құралдарын тастай алады. Толғанын арнайы мамандар алып кетіп, орнына жаңасын жеткізеді.

Алмаз Рысалиев, қалалық қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының бөлім басшысы:

– Коронавирустың тарауын азайту мақсатында орнатылған болатын. Ол арнайы «Сlean city» компаниясымен әзірлерленіп, «Кazecotech» компаниясымен энергетикалық утилизация яғни жағу арқылы қауіпсіз жою жүргізілуде. Маскалар, перчаткалар қайтадан өңдеуге жатпайды, тек қана жоюға жатады. Адамның сілекейімен былғанғандықтан, ол да қоршаған ортаға және адам денсаулығына зиян тигізуі мүмкін. Сондықтан оны жағу жолымен жою қажет.

Ал мынау жинақталған қоқысты жюға арналған цех. Мұнда жеткізілген жәшік әуелі нығыздалады. Сосын жоғары температурада жанатын пешке салынады. Мұнда 50 келі қоқыс шамамен 1 сағаттай жанып, дымы қалмай жоқ болады. Ал түтіні түрлі сүзгіден өткендіктен ауаға таза бу күйінде шығады.

Владимир Андреев, «Kazecotech» компаниясының басшысы:

– Құрылғы толықтай автоматтандырылған. Басқару экранында пештің жұмыс процесі көрініп тұрады. Жану кезінде шыққан түтін 1200-1250 гарус температурада залалсыздандырылады. Одан кейін тағы да сүзгіден өтеді. Әдетте жағу процесі екі кезеңнен тұрады. Ал мына құрылғыда үш кезең бар. Сондықтан қалдық та, улы газ да қалмайды. 

Дәл осындай экологиялық әдіспен төтенше жағдай режимі басталғалы 35 келі қалдық жойылды. Қолғап, маска салмағының жеңілдігін ескерсек, бұл аз емес. Десе де мамандар қорғаныш құралдарын кез келген жерге қалдырмай, арнайы белгіленген жәшіктерге тастау маңызды екенін ескертеді.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Жандос Сұлтанғазы

Хабар 24 телеарнасы