423.81 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Батыс өңірдегі шаруалар құрғақшылықтан қауіптеніп отыр

  • 452
  • UPD: 21:10, 15.05.2020

Оңтүстікті топан су әбігерге салып жатса, елдің батысындағы жұртшылық құрғақшылықтан қауіптеніп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көктемде асып-тасуы тиіс Жайық бұл өңірге жеткенде саябырсып қалған. Өйткені Ресей Қазақстанға берілетін су көлемін күрт азайтқан. Трансшекаралық су көздерін пайдалануға арналған келісімшарт бойынша сәуір айының басында Ресейдегі су қоймасынан тәулігіне 500 текше метр су берілуге тиіс еді. Алайда бұл келісім орындалған жоқ. Енді жүздеген шаруашылық пен осы Жайық өзенінен су алып отырған кәсіпорындар тапшылықтың зардабын тарта бастады.

Шаруа Қоныс Ерманов жылда 150 гектар жерге көкөніс пен бақша дақылдарын егетін. Соңғы жылдары ол судың тапшылығынан шаруашылығын шағындауға мәжбүр.  Биыл егіс көлемі тағы 30 гектарға қысқарыпты. Жайық өзені тартылғалы шаруа тамшысы алтынмен пара-пар тірлік нәрін мейілінше тиімді пайдалануға әрекет етуде.  

Қоныс Ерман,  шаруа қожалығының жетекшісі:

– 3,5 шақырым жерден егіннің басына құбыр тарттық. Сол құбыр арқылы келеді су. Сосын егіннің ішіне де 1 км құбыр тартылады. Сол жерден тамшылатып суаруға кетеді. Судың деңгейі түсуіне байланысты айналадағы көлдер құрғап қалды. Өйткені жер астымен қанша дегенмен су бір деңгейде тұрады екен. Жайықтың деңгейі қалай түсіп жатыр, сол көлдер де солай түсті. 3-4 жыл болды су көлге құйылған жоқ.

Бұл облыстағы жүздеген шаруашылыққа ортақ проблема болып отыр. Мұнайлы өңірдегі бірден-бір су көзі саналатын Жайық трансшекаралық өзендер санатына жатады. Ол бастауын Орал тауларынан яғни, Ресейден алады. Сол себепті төменде орналасқан Атырау өр суына тәуелді.  Алайда көктемде тасқын суды қоймаға жинап алатын теріскейдегі көршіміздің  жыл санап пейілі тарылып келеді.

Қадіржан Арыстан, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

– Судың қалыпты ағыны қазір секундына 30-60 текше метр болса, ол 350-ге дейін осы сәуірдің аяғына көтеріледі деген. Яғни, Жайықтың деңгейі қалыпты деңгей 455 метр дейтін болсақ, 480-ге дейін келіп қалады деген болжам болды. Бірақ ол болжам ақталған жоқ. Су Иракли қоймасынан келмей қалды.

Атырау облысының қатал климаты  өз алдына, өзен-көлдер де тапшы. Мұндағы мал мен жанның күнкөрісі Жайық өзеніне тәуелді.  Демек Жайық өзенінің жағдайы күлі өңірдің ортақ проблемасына айналып келеді.

Арыстанбек Кенже, тілші:

– Жайық өзені жылына 25 миллион текше метр су бере алады. Артыққа қауқары жоқ. Өткен 4 жылғы құрғақшылық салдарынан өзен арнасы мүлде тартылып қалды. Биыл да сол жағдай қайталанбақ. Сәуір-мамыр айы арналардың толып, көлдеулерге су жайылатын кезі еді. Өкінішке қарай, шаруалардың күткен үміті ақталмады.

Трансшекаралық өзен болғандықтан Жайық мәселесін екі ел бірлесіп қолға алмаса, күрделі мәселенің күрмеуін шешуге жергілікті биліктің қауқары жоқ.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов

Хабар 24 телеарнасы