431,82 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да коронавируспен күреске 300-ге жуық маман керек

  • 258
  • UPD: 21:06, 21.07.2020

Батыс Қазақстан облысында жағдай тұрақталып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аймақта жедел жәрдемге келіп түскен қоңыраулар саны соңғы екі аптада бір жарым есеге азайды. Шілденің басында күніне 1300-ге жуық тұрғын хабарласса, кеше жедел жәрдемге 800-дей қоңырау түскен.

Шілденің 5-інен бергі шектеу шаралары нәтижесінде қазір індеттің таралу қарқыны сәл де болса тежеле бастады. Бірақ көрші өңірлердегідей аурудың айтарлықтай бәсеңдеуі байқалмайды. Мәселен, бүгін облыста 103 адам коронавирус жұқтырған. Бұл батыс аймақтар арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Шалдыққандардың жалпы саны 4742-ге жетсе, 22 адам осы дерттен көз жұмаған, 3655 сырқат сауығып шыққан. Сондай-ақ 1600 тұрғынның өкпесі қабынуы тіркелген. Пневмониямен ауырғандардың 260-ы провизорлық стационарда, 608-і инфекциялық ауруханада. Ал 732 сырқат амбулаториялық жағдайда үйден ем алып жатырған көрінеді. Бұл туралы бүгін облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Қаюпов кезекті баспасөз мәслихатында мәлім етті.

Болатбек Қаюпов, денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Жасанды тыныс алу аппаратының тапшылығы жоқ. 130 осындай құрылғы болса, күні бүгін 10 адам соған қосылған. 110 адам оттегі концентраторларын қолдануда. Коронавируспен күреске 29 медициналық ұйым тартылды. Жедел жәрдем бригадаларының саны да да 26-ға артып, 63-ке жетті. Өңірде компьютерлік томография жасайтын 8 қондырғы, 26 рентген аппараты бар.

Облыста медициналық құрал-жабдықтар жеткілікті болғанымен, маман тапшылығы анық аңғарылады. Сала басшысы атап өткендей, коронавируспен күреске 300-ге жуық маман керек.

Болатбек Қаюпов, денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– 27 дәрігер, 115 орта буын қызметкері, 144 кіші персонал жетіспейді. Қазір жоғары оқу орындары және медициналық колледж түлектері есебінен 200-ге жуық кадрлық резерв жасақтап жатырмыз. Дәрі-дәрмек бойынша «СК Фармацияға» өтінім жіберілді, жеткізу жолға қойылды. Таяу уақытта дәрі дәрмек тапшылығы жойылады деген үміттеміз.

Індетпен күреске қазір барша қоғам жұмыла бастады. Бүгінде 500-дей ерікті ортақ іске өз үлестерін қосып жүр. Олардың қатарында ауруханадағы ауыр жұмысты атқарып жүргендер де, дәрігерлердің ас-суын жеткізіп жүргендер де аз емес.

Авторлары: Ерденбек Жылқыдайдарұлы, Болат Жарлығасов

Хабар 24 телеарнасы