429,54 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордадағы Жағалау-3 тұрғын үйінің салымшылары 10 жылдан бері баспаналарына кіре алмай жүр

  • 234
  • UPD: 18:27, 27.07.2020

Жылдағы құр уәдеден шаршаған жұрт бүгін тағы жиналып, жанайқайларын жеткізді. Әкімдік өкілдерінің де өз айтары бар екен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл қаланың қақ ортасында шулаған жұрт. Оларда бір ғана тілек: 10 жылдан бері күткен пәтерлерін алу. Төзімі таусылған көпшілік құр уәдеден шаршадық дейді. Құрылыс компаниясы толық соманы алуын алып тек жұмысты аяғына жеткізбеген. Олардан бұл жиынға бір де бір өкіл келмеді. Тек тиісті мекеменің бірінен ғана адам болды. Онда да көпшілік көшені жабамыз деген соң.

Дәулет Досқұлов, қалалық ортаны бақылау және сапа басқармасы басшысының орынбасары:

– Бүгінгі күні бұл құрылыс проблемалық нысан болып табылады. Біздің бұл үйден хабарымыз бар. Мұндай жиналыс бір емес бірнеше рет болып тұр. Құрылыс компаниясының басшысына қылмыстық іс қозғалды. Енді тұрғындарға пәтер иелері кооперативін құрып, өздері әрі қарай жұмыс істеулері керек. Әкімдік қолдау көрсетеді. Келесі жылы тұрғындар толық пәтерлеріне қоныстанады деп уәде беремін. 

Ұзын сөздің қысқасы, тұрғындар өздеріңіз мәселені шешіңіздер деді. Иә, бұл проблеманың бүгін-ертең аяқталмасын біліп, бітпеген пәтерге қоныстанған жандар да бар. Үй жалдап тұруға ақшамыз жоқ деп отыр. Өздері жөндеу жұмыстарын жасап, шаңырақтарына қоныстануға мәжбүр болған. Дегенмен бұл үйдің әлі құжаты да жоқ. Сондықтан пәтер иелері шаңырақтарын шатастырып шығынға белшеден батып жатыр.

Гүлзия Нақыпқызы, тілші:

– Бұл құрылыс алаңында болып жатқан заңсыздықтардың шегі жоқ секілді. Соның бірі – құжаттарға байланысты. Бұл үйге адамдар келіп, жөндеу жұмыстарын жасап өз пәтеріміз деп ойлаған. Міне, қабырғада көрініп тұр, арнайы түсқағаздар іліп, жөндеу жұмыстарын жасаған. Дегенмен үй олардыкы емес болып шыққан. Себебі құжаттар дұрыс емес. Құрылыс компаниясы пәтерлерді шатастырған.

Ләззат Ешмұғанбетова, тұрғын:

 –Жақында бүлдіршінді тоқ ұрды. Балам өліп қала жаздады. Бірақ аман қалды. 109-ға хабарласып, жағдайымызды айтып едік, өзімізді кінәлай бастады. Сіз қандай анасыз деп өзіме дүрсе қойды. Біз кімге сенеміз, кім бізді естиді. Міне, мына жерде барлығы ашық тұр. Су кетіп жатыр. Арасында тоқ соғады. Өртеніп кетпесек болар еді деп қорқамыз. Өзіміз орап қойдық. Қаншама бала бар, өте қауіпті. Толықтай ақшасын төлеген шаңырағымызға қоныстанғымыз келеді. Бірақ жағдай 10 жылдан бері осы.

Жиналған көпшілік әкімдік өкілінен тағы бір мәрте уәдесін алып қалды. Бізде бұл мәселені назардан тыс қалдырмаймыз.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы