431,82 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алакөлдің Алматы облысына қарасты аумағында биыл екі адам батып кетті

  • 242
  • UPD: 21:41, 04.08.2020

Қауіптің бірі – су. Алакөлдің Алматы облысына қарасты аумағында биыл екі адам батып кетті, хабарлайды «Хабар 24».

Екеуі де рұқсат етілмеген жерде шомылған. Құтқарушылар «сақтыққа шақырып, үгіт жүргізгенмен, қауіпті аумақтарға қызықтап барып шомылатындар азаймай тұр», дейді. Бұған мамандармен бірге түнгі рейдке шыққан арна тілшісі Ардақ Айбарұлы да көз жеткізді.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Бұл жерге суға түсуге болмайды. Тереңдігі – 6 метр. Асты балдырлы. Құтқарушылар мұнда суға түсуге болмайтынын ескертіп, жазып та қойған. Бірақ ішкен адам камераның объективінен де қымсынбайды. Өзімізбен байланысып, «камераңды өшір, ертең тауып аламын» деуге дейін барды. Біз оның бәрін көрсетуді жөн көрмедік.

Блиц:

- Неге түнде суға түсіп жүрсіңдер?

- Біз Алакөлге биіл бірінші рет келдік. Негізі түнде суға түсуге болмайтынын білмедік.

Гүлман Сәттібаева, демалыс орнының иесі:

- Демалушыларға ылғи айтамыз, 9-10-нан кейін суға түсуге болмайды дейміз. Олар бізді тыңдамайды. Кейбіреулері ішіп алып, суға түсе береді. «Біз ақша төлеп жатырмыз» дейді. Неше түрлі сөздер айтады.

Осындай салғырттықтың салдарынан биыл Алакөлдің Алматы облысындағы бөлігінде екі адам суға кетті. Құтқарушылардың дер кезінде көмек көрсеткенінің нәтижесінде 20 шақты адам құтқарылған.

Марат Смағұлов, Алакөл өңірлік құтқару бөлімшесінің басшысы:

- Алакөл өңірінің құтқарушылары күнделікті ескерту жұмыстарын жүргізіп жатыр. 18 адам құтқарылып, соның ішінде суға шомылу кезінде 3 бала құтқарылды. Екі қайғылы жағдай болды.

Суға түсу ережесі бойынша түнде шомылуға болмайды. Өткен жылы Алматы облысында тамыз айына дейін 40 адам суға кетіпті. Бір шүкіршілік етерлігі биыл бұл көрсеткіш екі есеге дейін кеміген.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Жеңіс Әбдірешев

Хабар 24 телеарнасы