424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шілдеде азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар үшін қазақстандықтарға 5,4 млрд теңге аударылды

  • 190
  • UPD: 14:19, 06.08.2020
Шілдеде азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар үшін қазақстандықтарға 5,4 млрд теңге аударылды

Шілде айында 1 млн-ға жуық қазақстандық жалпы сомасы 5,4 млрд теңгеге азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар үшін төлем алды.

Әлеуметтік қолдаудың бұл түрімен 1,1 млн адамды қамту жоспарланып отыр, деп хабарлады ҚР ЕХӘҚМ баспасөз қызметі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша төтенше жағдай режимі мен коронавирустық инфекциямен күрес үшін енгізілген карантиндік шаралар кезінде азаматтарды әлеуметтік қолдау мақсатында азық-түлік және тұрмыстық жиынтық алушылардың тізімі кеңейтілді. Азаматтардың қарым-қатынас жасауын азайту және COVID-19 таралуын болдырмау үшін жиынтықтар балама ақшалай төлемдермен алмастырылды.

Мына 5 әлеуметтік топқа жататын азаматтар төлем алушылар болып табылады:

  – атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы, оның ішінде көп балалы отбасылардағы 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар;

  – медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрақты тұратын мүгедектерді қоспағанда, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар;

  – медициналық, әлеуметтік мекемелерде тұрақты тұратын мүгедектерді қоспағанда, барлық жастағы I, II, III топтағы мүгедектер;

  – мүгедек баланы тәрбиелеп отырған адамдар;

  – жұмыспен қамту мәселелері бойынша жергілікті органда тіркелген жұмыссыз азаматтар.

Көмектің бұл түрін алушылардың тізімдерін жергілікті атқарушы органдар қалыптастырады.

Биылғы наурыз-мамыр айлары аралығында бұл төлемдер жалпы сомасы 13,5 млрд теңгеге 1 млн адамға есептелді.

Естеріңізге сала кетейік, 14 шілдеде ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қазақстандықтарға  шілде айында азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар үшін ақшалай қаражат төлеуді бастауды тапсырған болатын.

Хабар 24 телеарнасы