420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда тұмауға қарсы екпе салдырған адамдар саны 8% көбейді

  • 36
  • UPD: 09:45, 17.09.2020

Коронавирус көпшіліктің күнделікті өміріне ғана емес, денсаулығына деген көзқарасын да өзгертті.

Жұрт қауіпті індетпен барынша күресу үшін тұмауға қарсы екпелерді қолдана бастады. Мұндай препараттың қоры елде жеткілікті. Жақында ғана өңірлерге таратылды.

Биыл елімізде тұмауға қарсы екпе салдырған адамдар саны 8 процентке көбейді. Әлеуметтанушы ғалымдардың есебі осындай. Көпшілік аурудың алдын алуға бейімделген дейді мамандар.

Серік Ахметжанов, әлеуметтанушы:

– Әрқайсымыздың ауырып шыққан туыстарымыз бар. Осының бәрі вакцина алуға әсер етті. Оның үстіне, Денсаулық сақтау министрі де өз үлесін қосты. Жеке мысалмен, вакцинаның сапасы бойынша сенім артты ғой деймін халық арасында. Бұл әлемде тренд. Осылай жалғасатын сыңайлы алдағы уақытта да.

Қазір ел нарығында бар вакциналар тек тұмауға қарсы қолданылады. Соның өзіне, сұраныс жоғары. Елордада соңғы бір аптада 24 мың адам тұмауға қарсы екпе салдырып үлгерген. Ресейден жеткізілген препараттың қоры да жеткілікті. 2 миллион дозасы өңірлерге таратылды. Жалпы елде тұмауға қарсы вакцинаның алты түрін салдыруға болады. Ресейлік екпе бізде 8 жылдан бері қолданыста. Мамандардың айтуынша, бұл вакцина өзгелермен салыстырғанда нәтижелі әрі адамға жағады. Тітіркендірмейді. Бірақ көрші елдің екпесіне иек артып отыра беру тағы дұрыс емес. Өзімізде өндірген жөн. Бұл мәселе бұрыннан айтылып келеді.

Жанат Сатыбалдиева, ҚР денсаулық сақтау министрлігінің сарапшысы:

– Елімізде тұмауға қарсы вакцинаны шығаруға толық мүмкіндік бар. Өзімізде өндірілсе жақсы болар еді. Тек тұмауға қарсы емес, халықты өзге де екпелермен қамтамасыз еткеніміз дұрыс қой.

Алайда вакцинаны шығару тиімсіздеу. Сарапшылар осылай дейді. Әсіресе екпе өндірудің шығыны экономикалық тұрғыда көп болады. Біріншіден елде тиісті техникалық база жоқ. Сол себепті вакцинаны қазір өзгелерден сатып алып отырмыз.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Вероника Боярова, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы