422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елордадан 15 шақырым жерде орналасқан елді мекенде су мен жарық жоқ

  • 158
  • UPD: 20:31, 24.10.2020

Қостомарда жарық жоқ. Елордадан небәрі 15 шақырым жердегі елді мекеннің тұрғындары үйдің іргесіндегі электр желісінен тоқ тарта алмай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жол да оңып тұрғаны жоқ. Елдің ішіп отырған суы кермек татиды. Тұзды.

Қорған Төреқожа, тілші:

- Кирилл Минаков осыдан бес жыл бұрын Қостомарда үй сала бастаған. Шатырын жауып тастаған. Бірақ инфрақұрылым жоқ әлі. Әкімдіктегілер «көп кешікпей келеміз, жарық тартып береміз» деген. Содан жоқ. Ал, тоқ желісі үйінен небәрі 200 метр жерде тұр.

Кирилл Минаков, Қостомар ауылының тұрғыны:

- Әкіммен сөйлестім. Ол жарық пен су тарту үшін ақша қарастырылмағанын айтты. Енді қараңғыда бөгде біреулер құрылыс материалын ұрлап кетпесін деп осының басында жүреміз. Суды тасып ішеміз.

Кириллдің көршілерінің де жағдайы осы. Шарасыздың күйін кешіп жүр. Жарықтың есебін әзірге майшаммен шешіп жүр.

Мақсат Ахметов, Қостомар ауылының тұрғыны:

- Жарық жоқ. Су жоқ. Балаларымыздың оқуы қиын. Майшаммен оқып жатырмыз. Жол жоқ. Ең басты проблема свет болып тұр.

Жергілікті әкімдікке хабарластық. Бірақ байланыса алмадық.

Елордадан 15 шақырым жерде тұрған ауыл бір ғана құдыққа қарап отыр. Суы тұзды. Соның өзі ақылы. Қыста ауылдан шығу тағы бір мұң.

Елена Минакова, Қостомар ауылының тұрғыны:

- Қыста қар алып қалады. Елді мекенге келіп-кету қиынның қиыны болады. Өзім қалада жұмыс істеймін. Ал, қыс ішінде түнде үйге жете алмай қалатын кездер аз болмады. Бірнеше жылдан бері «жол саламыз» деп уәде беріп келеді. Нәтиже жоқ.

Қостомарлықтар әзірге амалдап келеді. «Енді айтқанымыз ескерусіз қалмаса», дейді. «Жол салып, үйге жарық жалғаса», дейді.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Марк Брюшко, Нұрғали Мамырбаев

 

Хабар 24 телеарнасы