422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атырау мұнай өңдеу зауытының табиғатты ластауына байланысты арнайы комиссия құрылды

  • 120
  • UPD: 23:29, 02.11.2020
Атырау мұнай өңдеу зауытының табиғатты ластауына байланысты арнайы комиссия құрылды

Атырау мұнай өңдеу зауыты қоршаған ортаға нормативтен тыс зиянды қалдық шығарған. Мұны табиғат жанашырлары дер кезінде байқап, дабыл қақты.

Биологиялық тазалау қондырғысындағы апатты жағдай кезінде зауыт мұнай аралас суды арнайы полигонға жіберуге мәжбүр болған. Қазір зауыттағы техникалық ақауды қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Ал қоршаған ортаға келген залал мен апатты жағдайдың себебін табиғат жанашырлары мен экологтардан құрылған арнайы комиссия анықтайды. 

Бетіне мұнай қалқыған сарқынды су өзекті бойлап ағып барады. Айналаға тараған иіс өз алдына, қоймалжың май шөп-шаламға араласып түйіртпектерге айналған. Кейін мұнай шламы өзек түбіне шөгеді. Май сіңген топырақты тазарту үшін ондаған жылдар керек дейді табиғат жанашырлары.

Арман Хайруллин, «Атамекен-ЭКО» қоғамдық қорының төрағасы:

- Қазір қарамай өзекке ағып жатыр. Бұл АМӨЗ аумағынан шыққан сарқынды сулар. Ешқандай тазалық жоқ. Осының барлығы «тухлая балкаға» барып, ағып жатыр. Қоршаған ортаға мыңдаған текше метр зиян тиіп жатыр.

Аумағы 1,5 мың гектар жерді алып жатқан зауыттың сарқынды суларды буландыру алаңын жергілікті тұрғындар «Тухлая балка» деп атайды. Оған зауыттан тәулігіне 7 мың текше метр тазартылған сарқынды су ағып шығады екен. Ал кеше кәспорындағы биологиялық тазарту қондырғысының істен шығуына байланысты майы бетіне қалқыған зиянды қалдық алаңға құйылуда. Атырау мұнай өңдеу зауытындағы оқыс оқиғаны экологтар кезекті рейд кезінде анықтаған.

Әлібек Бекмұхаметов, облыстық экология департаментінің басшысы:

- Біз шұғыл түрде су сынамаларын алдық. Қазір арнайы зертханада тексеріліп жатыр. 3-4 күнде нәтижесі шығады. Онан басқа қазір тексеріс жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Экологиялық кодекске сәйкес 2 сағат ішінде осындай жағдайда хабарлауы керек болатын. Нақты олардан хабарлама болған жоқ. 

Осы оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылып, іске кірісті. Олар алдағы он күнде кәсіпорыннан шыққан ақаудың шығу себебі мен экологияға келген залал көлемін есептеп шығаруы тиіс.

Авторлар: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев

Хабар 24 телеарнасы