423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбе облысында ауызсу және газбен қамтылмаған ауылдар көп

  • 135
  • UPD: 21:59, 06.11.2020

Ақтөбе облысында ауызсумен қамтылмаған ауылдар әлі де бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шамамен 6 мыңнан астам тұрғын тіршілік нәрінен таршылық көреді. Мұнай мен газға бай өңірде көгілдір отынның қызығын көрмеген ауыл-аймақ та көп. Мәселе қашан толық шешіледі?

Ақтөбе облысы қай кезде де Қазақстанның өндірістік ошағы болды. Мұнда ел экономикасына тірек саналатын зауыт-фабрика көп. Аграрлық саласы көшбасшы орында болмаса да, кенже қалмай келеді. Тұтас аймақты ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтуға мүмкіндігі жеткілікті. Тек соны дұрыс пайдалану қажет.

Оңдасын Оразалин, Ақтөбе облысының әкімі:

– Облыс 32 азық-түлік тауарының 24 түрімен өзін-өзі қамтып отыр. Халықты ірі сауда желілері арқылы азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету үшін айналым қаражатына 500 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ тұрақтандыру қорын уақытылы қаржыландырудың арқасында баға өсіміне жол берілмеді.

Дегенмен наурыз айында басталған пандемия еңбек ұжымдарына қатты әсер етті. Бірқатар кәсіпорынның жұмысы тоқтап қалды. Екі қолға бір күрек іздегендер көбейді. Өңірге биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 45 млрд теңге бөлінді. Бұл өзге облыстармен салыстырғанда айтарлықтай көп қаражат. Тек игерілу жағы кемшін. Бағдарлама аясында қолға алынған 303 жобаның жартысы ғана жүзеге асқан.

Оңдасын Оразалин, Ақтөбе облысының әкімі:

– Біздің бар күшіміз инфекциямен күресуге және тұрақты эпидемиологиялық жағдайды сақтауға жұмылдырылып отыр. Жалпы коронавируспен күресуге шамамен 5 млрд теңге бөлінді. Соның ішінде медициналық техника, жабдықтар алуға 3,4 млрд теңге, дәрілік заттар, жеке қорғаныс құралдары мен ӨЖЖ аппараттарын алуға 1,3 млрд теңге, 3600-ден астам медицина қызметкері 2,9 млрд теңге үстемақы алды.

Аймақтағы инвестициялық ахуал бұрыннан қолайлы. Шетелдік әріптестермен тиімді жүйе қалыптасқан. Сондықтан жыл соңына дейін 26 инвестициялық жобаны іске қосу жөнінде келісім бар. Биыл жетеуі жүзеге асты. Оның бірі – құрылыс материалдары мен кірпіш шығаратын зауыт. Енді бірі – жел электр станциясы. Өңірде жыл соңына дейін 1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілуі тиіс. Бірақ бұл баспанаға мұқтаж жандар санын азайтпайды.

Оңдасын Оразалин, Ақтөбе облысының әкімі:

– Жыл аяғына дейін аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға 420 пәтер тапсыру көзделген. Ағымдағы жылы 1084 отбасына пәтер беру жоспарланса, 420 пәтер осындай топтарға тапсырылады. Ол үшін 6,5 млрд теңге қарастырылып еді. Мына пандемия кезінде тарифтерді 20%-ке төмендетуге жағдай жасадық. Электр энергиясын 10%-ке төмендеттік.

Ақтөбеде мұнай мен газдың мол қоры болса да, көгілдір отынға әлі де тапшылық бар. Негізінен ауылдық жерлер толық қамтылмаған. Сондықтан келер жылы 8 елді мекенге газ жеткізу жөнінде жоспар жасалды. Ауызсу мәселесі де өзекті. Шамамен 6300 адам тіршілік нәрінен таршылық көреді. Әкім: «Бұл мәселе тек 2023 жылға қарай шешімін табады», – дейді.

Авторы: Рауан Мыңбаев

Хабар 24 телеарнасы