Тәуелсіз Қазақстан тарихында он бірінші рет аза тұту күні жарияланды

Тәуелсіз Қазақстан тарихында осымен 11-рет қаралы күн жарияланып отыр. Бұл кейінгі 2 жылдағы төртінші аза тұту күні.

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- «Жалпыұлттық аза тұту күні». Неткен ауыр сөз еді. Осымен тәуелсіз ел тарихында 11-рет қаралы күн жарияланып отыр. 2006 жылдың 20 қыркүйегінде Қарағанды облысындағы Ленин атындағы шахтада метан жарылды. 41 кенші қаза тапты. Қыркүйектің 22-сінде Қазақстанда аза тұту күні жарияланды. 2008 жылдың 11 қаңтары. Тағы да Қарағанды облысы. Тағы да шахтадағы жарылыс. Бұл жолы "Абай" шахтасында метан жарылып, 30 адам қаза тапты. Облыста 3 күн қаралы күн жарияланды. Ал 2010 жылдың 11 наурызында түнде Қызылағаш су қоймасында бөген бұзылып, жақын маңдағы Қызылағаш ауылын су шайып кетті. 45 адам қаза тапты. 16 наурызда елде жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. 2012 жылы "Арқанкерген" шекара бекетінде шекарашылардың қаза болуына байланысты 5 маусымда жұрт тағы аза тұтты. Осы жылдың 25 желтоқсанында Шымкент үстінен ұшып бара жатқан АН-72 әскери ұшағы апатқа ұшырады. Борт ішінде шекарашылар болған. 27 адамның бәрі қаза тапты. 27-сінде Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Ал 2013 жылдың 29 қаңтарында Алматы маңындағы Қызылту ауылына жақын жерде Көкшетау-Алматы бағытында ұшып келе жатқан "Scat" компаниясының ұшағы апатқа ұшырап, 5 экипаж мүшесі мен 16 жолаушының өмірі қиылды. Қаңтардың 31-інде егеменді ел тарихында 6-рет қаралы күн жарияланды. 2016 жыл. Бесінші маусым. Ақтөбеде бір топ адам қару-жарақ дүкені мен әскери бөлімге шабуыл жасады. Лаңкестердің қолынан сегіз адам көз жұмды, оның үшеуі әскери қызметші. 9 маусым Жалпыұлттық аза тұту күні болды. 2019 жылдың 27 желтоқсанында таңғы сағат жетіден аса Алматы әуежайынан елордаға ұшып шыққан Bek Air әуе компаниясының Fokker-100 ұшағы Талғар ауданындағы елді мекенге құлады. Ұшақ ішінде 93 жолаушы, бес экипаж мүшесі болған. 28 желтоқсанда ел қара жамылды. 2020 жылдың 13 шілдесінде коронавирустан көз жұмғандарды аза тұттық. Ал былтыр 26 тамызда Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы әскери қоймада өрт шығып, жарылыс болды. Бірнеше адам қаза тапты. 29 тамызда ел аза тұтты. Бұл 10-ы еді. Ал бүгін егеменді елімізде 11-рет аза тұту күні жарияланып отыр. Бұл қазақстандықтар үшін соңғы екі жылдағы төртінші қаралы күн. Өкінішті. Бұл жолы лаңкестердің қолынан қарапайым тұрғындар, әскерилер мен құқық қорғау қызметкерлері қаза тапты. Оққа ұшқандардың нақты саны әлі белгісіз. Тәртіп бойынша Жалпыұлттық аза тұту күні мемлекеттік органдар мен жергілікті әкімдіктердің, шекаралық дипломатиялық мекемелердің ғимаратындағы мемлекеттік ту төмен түсіріледі. Ойын-сауықтық шаралар мен осы мазмұндағы телебағдарламалар тоқтатылады.

 

Президент елдегі жағдайға байланысты бірқатар тапсырма берді.

Бұған дейін үкімет отставкаға кеткен болатын. Премьер-министрдің қызметін уақытша Әлихан Смайылов атқарады. Ерлан Қарин Мемлекеттік хатшы болып тағайындалды. Ал Алматы мен Маңғыстау облысында төтенше жағдай режимі енгізілді. Жалпы бұған дейін Қазақстанда төтенше жағдай неше рет жарияланды. Төтенше жағдай кезінде нені білу керек.

Бұған дейін айтылғандай, газ бағасын арнайы комиссия реттейді. Ал Сенат төрағасы наразылық шарасы диалог негізінде шешілу керектігін айтқан. Сондай-ақ газ бағасының көтерілуіне қатысты тергеу жүріп жатыр.

Осы тақырып бойынша өзге тақырыптар:

Ел неге толқыды

Маңғыстау облысында газ бағасы 50 теңге болды

Ақтөбеде газ бағасы 50 теңгеге түсті

Тоқаев елдегі жағдайға байланысты мәлімдеме жасады

Маңғыстау облысының әкімі наразылық білдірген жаңаөзендіктермен кездесті

10 қаңтар – Жалпыұлттық аза тұту күні

Сондай-ақ...