Қазақстанда 18 мыңнан астам адам есірткіге тәуелді. Оның ішінде 66 жасөспірім бар. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі айтты. Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында бірқатар ведомство бірлесе қызмет атқарып жатыр. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жыл басталғалы бері 7 жасырын зертхананың көзі жойылды. Заңсыз сайттар жарнамаланған 6 мыңнан астам граффити боялды. Анонимді психологиялық көмек беру, нашақорлыққа қарсы қоғамның белсенділігін арттыру бағытында мобильді қосымшалар мен цифрлық карта жасалып жатыр. Бақытжан Әмірханов, ҚР ІІМ Есiрткi қылмысына қарсы іс-қимыл департаментi бастығының міндетін атқарушы: - Былтырдың өзінде 2746 қылмыс тіркелді. 36 тоннадай есірткі тәркіленді. Кешенді жоспарды қабылдаған өте дұрыс болды. Бұл мемлекеттің қабылдаған іс-шарасы. Президентіміз нақты тапсырмалар берді. Халықаралық тәжірибені де қарап отырмыз. БҰҰ жанындағы есірткіге қарсы басқарма бар, ШЫҰ бар, Ұжымдық қауіпсіздік бар. Барлық осындай халықаралық ескірткіге қарсы ұйымдармен қоян-қолтық жұмыс атқарып жатырмыз.