Қазақ үшін қаралы күн

Ел арыстарын жоқтап, бірсыпырасының денесін қара жердің қойнына тапсырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін - Қазақстан үшін аза тұту күні. Мемлекеттік ту төмен түсірілді. Таңертең барлық мешітте, қаза тапқандардың рухына құран бағышталды. Бұқаралық ақпарат құралдарында көңіл-ашар бағдарламалар, ойын-сауықтар тоқтады. Өкініштісі сол, үш күн бұрын Жамбыл облысына қарасты Байзақ ауданындағы әскери қоймада шыққан өрттің жарылысқа ұласуы бірнеше адамның өмірін қиды. Аңырап ана, жесір мен жетім қалды. Бұл мезгіл тарихта қазақ үшін қаралы болып қала бермек.

Еске сала кетейік, 26 тамыз күні кешкі сағат 19.00 шамасында Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасынан өрт шығып, жойқын жарылыс болған еді.

Кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады

Соңғы дерек бойынша, сол жарылыстардың салдарынан қаза тапқан әскерилер мен құтқарушылар саны 13 адамға жетті.

27 тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай бойынша шұғыл жиналыс өткізіп, ведомствоаралық мемлекеттік комиссия құруды тапсырған болатын.

Бұған дейін жарылыста қаза тапқан әскери қызметшілердің аты-жөні жариялаған болатынбыз.

Бүгін қаза тапқан әскерилер мен өрт сөндірушілер, жер қойнына тапсырылды.

Әскери қойма жарылысында қаза тапқан азаматтар мемлекеттік наградамен марапатталды.

Ержүректігі мен жанқиярлығы үшін Мейіржан Аймановқа «Халық қаһарманы» атағы берілді.

Бүгін еліміздің барлық мешіттерінде қаза тапқандардың рухына бағышталып құранхатым оқылды.