380,56 429.20 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақмола облысындағы зауытта 80 лифт пен 9 эскалатор құрастырылған

  • 1346

Ақмола облысындағы жаңа лифт зауытында жұмыс ширай түсті.

Қазақстанда теңдесі жоқ өндіріс ошағы былтырдан бері эскалатор және лифт шығарумен айналысып келеді. Қазір зауыт негізінен ЕХРО-2017 көрмесінің нысандарын қамтамасыз етіп отыр. Одан бөлек, жеке тапсырыстар бойынша да жұмыс істейді.

Бұл ғимаратта бұрын Қосшы ауылының ескі жылу қазандығы орналасқан екен. Осыдан 2 жыл бұрын жергілікті кәсіпкер оны қалыпқа келтіріп, Қазақстандағы алғашқы лифт зауытын іске қосты. Қазір мұнда 50 адам еңбек етіп жүр. Олардың көбісі техникалық оқу орындарын тәмамдаған жас мамандар.

Нәбиолла Оңалов, лифт құрастырушы:

- Осы зауытқа жұмысқа орналастым. Соған өте қуаныштымын. Бұл екінің біріне нәсіп ете бермейді. Бұл зауытта эскалатордың кішігірім детальдарының тең жартысын жасаймыз.

Ал, зауыт эскалаторға қажетті бөлшектердің негізгі бөлігін, яғни, қаңқасын Теміртаудан алдырса, қалған ұсақ-түйектерін Қытайдан әкеледі. Айта кетейік, зауытта осы күнге дейін 80 лифт пен 9 эскалатор құрастырылыпты.

Самат Нұрманов, өндіріс басшысы:

- Қазір біз өз өндірісімізді кеңейту жолында тұрмыз. Яғни, 1620 шаршы метрлік өндіріс салудамыз. Жылына 1 мың дана лифт, 500 дана эскалатор шығарсақ деген ойдамыз. Жұмысшы санын көбейтудеміз. Қазір 50 адам жұмыс істеп жатса, 200-ге дейін көбейтеміз санын. 

Осылайша, жаңа зауыт ұжымы іргелі өндіріс ордасына айналуды армандайды. Ал, жас мамандар «сол мақсатқа жету үшін барымызды саламыз», - деп отыр.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы