389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ұлыбританияда Н. Назарбаевқа арналған деректі фильмнің әлемдік тұсаукесері өтті

  • 376
  • UPD: 17:58, 06.06.2019

Лондонда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған «Уақыт таңдауы» деректі фильмінің әлемдік тұсаукесері өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – шетелдік көрермен үшін әлем халықтарының негізгі тілдеріне аударылып, дубляждалған нұсқасының алғашқы көрсетілімі.

«Уақыт таңдауы» Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының тапсырысымен елордамыздың 20 жылдық мерейтойына орайластырылып, 2018 жылы түсірілген болатын. Туынды бүгін ағылшын тіліне тәржімаланып, дубляждалған нұсқаның әлемдік тұсаукесері өтті. Деректі фильмде қазақстандық мемлекеттілікті қалыптастырудағы Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөлі таразыланады.

Радик Кудояров, режиссер:

– Фильм 8 тілге Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінде жұмыс істейтін халықаралық компания қызметкерлерінің күшімен аударылған. Олар – өз ісінің хас шеберлері. Дыбыстаудың өзі де өте жақсы әрі сапалы студияда жасалған.

Құрметті қонақтар қатарында Ұлыбритания лордтары және қауымдар палатасының мүшелері, елшілер және шетелдік мемлекеттердің дипломаттары бар. Академиялық ортаның өкілдері де олардың арасынан табылды. Оксфорд, Кембридж зерттеушілерінен бөлек халықаралық деңгейдегі жетекші сарапшылар да арнайы келген.

Андрес Баумгартнер, сарапшы:

– Бүгінгі фильм өте көп мәселелерді қамтыған. Біз жаңа ғана оны көріп шықтық. Мен әлі өз-өзіме келіп үлгермедім. Себебі керемет әсер алдық. Ой қозғарлық дүниелер көп.

Айта кету керек, тұсаукесер «BAFTA» деген атаумен танымал британиялық кино өнері және телевизия академиясында өтті. BAFTA-ның «Алтын глобус» және Оскармен иық тіресе алатын өз жүлдесі бар. Ол кинематография және телевизия өнерінде жетістікке жеткен туындыларға табысталады.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы