387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елбасы: Науқаншылдықты доғарып, нақты іске көшу қажет

  • 254
  • UPD: 20:21, 21.08.2019

Барлық сайлау Ата заңда көрсетілген мерзімінде өтеді.

Бүгін Nur Otan саяси кеңесінің отырысында партия төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осыны қадап айтты. Саяси ұйым мүшелерін бір сүзгіден өткізіп, жұмысқа соны өріс беру керек. Қарапайым халықтың мұң-мұқтажын шешуде Үкімет пен Nur Otan иық тіресе жұмыс істеуі тиіс.

Сосын науқаншылдықты доғарып, нақты іске көшу қажет, - деді. Өйткені үміт артқан біраз жоба үдеден шықпай тұр.

Елімізді экономика мен саясатта ауқымды өзгерістер күтіп тұр. Ең алдымен жетекші партия жаңғырады. Әрі ішкі татулығымызға сына қағылуына жол берілмейді. Ал елді алаңдатқан мәселелерден Елбасы хабардар. Саяси ұйым төрағасы партияластарын халыққа мейлінше жақын әрі проблемаларды шешуге барынша бейіл болуға үндеді. Соңғы кезде қоғамда сайлау мәселесі жиі талқыланып жүр. Көпшілік арасында саяси науқанды мажаритарлық жүйе бойынша өткізу жөнінде ұсыныс айтылды. «Бірақ оған көшу еліміз үшін әлі ерте», - деді Елбасы.

Алда елімізді мәжіліс және мәслихат сайлауы күтіп тұр. Саяси науқан конституциялық мерзім бойынша өткізіледі. Бірақ дайындық қазірден басталады. Әрі саяси ұйым мүшелері қайта іріктеуден өтеді. Сөйтіп, партиялық бағдарламалар мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсыныстарына ден қойылады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы, Nur Otan партиясының төрағасы:

– «Сенім. Диалог. Болашаққа сенім. Партияның тиісті импульстары». Біріншіден, партияның белсенді мүшелелерін біріктіруі тиіс. Оларды «ядролық» деп атау керек. Ядролық деген – ядролық бомба емес, «белсенді мүшелер» деген сөз. Көшеге шығып, шындығын дәлелдей алатындар. 800 мың партияластың ішінде кім өзін белсенді түрде көрсете алады? Шымкентте партияның туын жыртып кеткенде ешкім былқ еткен жоқ. Бәрі отырды. Партия қайда болды? Кейін ғана қалпына келтірілді. Міне, осы кезде белсенділік көрінуі керек еді.

Халыққа барынша жақын болу - Nur Otan партиясының негізгі ұраны. Елбасы атқарушы билікке жалаң сөз әрі бос уәдеден қашып, шенеунік боп шіренбеуді міндеттеді. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы, Nur Otan партиясының төрағасы:

– В первые годы мне приходилось делать тысячи поездок. 1 млн оралманды алып келдік. Жұмыс істеңдер. Не береміз деп түсіндіру керек емес пе?! Наша форма, стиль, дрес-код надо прекратить. Защищать интересы простых людей.

Кеңес отырысында Елбасы сыбайлас жемқорлықпен күрес жолдарын да түсіндірді. Кімде-кім жемқорлық деректерін анықтаса, міндетті түрде хабар беру керек. Бұл дегеніміз, жемқорлыққа нөлдік төзімділік қағидасының сақталуы әрі бармақ басты, көз қысты әрекеттерге жол бермеу.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы, Nur Otan партиясының төрағасы:

– Көрдік кезінде, баласы оқу бітірер кезде соғым жібереді. До сих пор сонымен жүріп келе жатырмыз. Бірнеше жыл отырған ректорлар бар. Сен соны қара. Қазір біз келістік.

Мәжілістегі партия фракциясының жұмысы күшейеді. Осы мақсатта, оның жетекшілігіне төменгі палата спикері Нұрлан Нығматулин ұсынылды. Фракция алдында тұрған негізгі міндеттер де айқындалды. Заң шығару ісін жетілдіру мен бюджет қаражатын бақылау – солардың бір парасы.

Үкімет басшысының айтуынша, партияның сайлауалды берген уәделерінің 70 пайызы орындалған. Алайда халықты алаңдатқан негізгі мәселелер көлеңкеде қалып келеді. Бұған фракция да, үкімет те көз жұма қарамауы керек, деді Елбасы. Сондықтан Тұңғыш Президент Мәжілісте Үкімет мүшелерінің қатысуымен арнайы отырыс өткізу қажеттігін айтты. Сөйтіп, еңбеккерлердің және әлеуметтік осал топ өкілдерінің сұрақтарына жауап іздеп, барлық мәселелерді жедел түрде шешуге үндеді.

Бұқараның базынасын тыңдауға әкім-қаралардан бөлек, зиялы қауым да жұмылса игі. Әсіресе, партия қатарындағы мемлекет және қоғам қайраткерлері, тіпті өнер майталмандары атқарылып жатқан істерді насихаттап, халықтың назарын аударту қажет. Айта кетейік, Елбасы партиялық жарнаны алып тастау мәселесін де көтерді. «Келесі съездерде бұл бастамаға нақты жауап беріледі», – деді партия төрағасы.

Саяси ұйымның «Ауыл - ел бесігі» атты жобасы бар. Оның мақсаты тек инфрақұрылым құру ғана емес, жұмыс орындарын ашу. Сол арқылы ауылдан қалаға көшу үдерісін мейлінше тоқтату. Бірақ облыс орталықтарына келіп, жұмыс істеуге тыйым салынбайды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы, Nur Otan партиясының төрағасы:

– Тәжірибе жүзінде бұл жоба әлеуметтік инфрақұрылым жасаумен ғана шектелді де, сонымен қалды... Бұл – маңызды мәселе, бірақ жобаның басты мақсаты – ауыл жастары үшін жұмыс орындарын ашу, оларды ауылдарда тұрақтату. Ауылда ертең кім жұмыс істейді? Үкімет осы мәселелермен айналысып, тиісті шараларды қолға алу керек. Қазір урбанизация жүріп жатыр. Қалаға көшті тоқтату мүмкін емес. Егер де ауылдарда нақты жұмыс орындары ашылатын болса, жағдай жасалса, қалып жатыр. Кейбір адамдар қаладан ауылға қайта көшуде.

Nur Otan ақпараттық стратегиясын қайта қарауы қажет. Саяси кеңес отырысында Тұңғыш Президент берген тапсырмалардың бірі - осы. Бұл мақсатта, саяси ұйымның ақпарат құралдары жаңғыруы тиіс. Ал шенеуніктер тарапынан БАҚ-қа жасалған қысым қатаң түрде жазаланады.

Елбасы маңызды экономикалық мәселелерге де мән берді. Бизнеске деген ауыртпалықты салықтық жеңілдіктер арқылы әлде де азайту ұсынылды. Бұдан бөлек, мемлекеттік сатып алуларды жүргізу тәртібін өзгерту міндеттелді. Жастардың арасында жұмыссыздыққа баса мән беру керектігі де айтылды. Әрі Елбасы Мәжіліс пен Мәслихаттарда кіші буын өкілдерінің көп болуы жөнінде пәрмен берді.

Еліміздің қаржылық секторында болып жатқан жайттар да Елбасын алаңдатады. Бұл саланың тиімділігі ел егемендігіне тікелей әсер етеді. Былтыр банк секторында жүргізілген тазарту жұмыстары өз нәтижесін берді.

Жасанды зияткерлік технологияларын енгізу ісінде мемлекет қарышты қадам жасауы қажет. Бұл бағытта жұмыстарды күшейту үшін арнайы заңнамалық база қалыптаспақ.

Отырыс соңында саяси кеңес бюросына жаңа мүшелер қабылданды. Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі мен «Жас Отан» жастар қанатының көшбасшысы Дәулет Кәрібектің кандидатурасы бірауыздан қолдау тапты.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Марат Диқанбаев

Хабар 24 телеарнасы