378.89 422.90 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандық боксшылар британдық промоутерлік компаниямен келісім-шартқа отырды

  • 488
  • UPD: 17:01, 29.04.2019

Қазақстандық боксшылар Нұртас Әжбенов пен Сұлтан Зәуірбек әлемдік спорт шыңдарын бағындырып жатыр. Жақында олар британиялық MTK Global промоутерлік компаниясымен келісім-шартқа отырды.

Компания Тайсон Фьюри, Мартин Мюррей және Билли Джо Сондерс сияқты әлемдік бокс жұлдыздарымен жұмыс істейді. Лондонда өткен соңғы жекпе-жектерінде қос қазақстандық жеңіс тұғырынан көрініп үлгерді.

Нұртас Әжбенов - Ақтөбе облысының тумасы, 25 жаста. Бұған дейін ол кәсіпқой бокстағы 4 жекпе-жегінің бәрінде де жеңіске жеткен. Бүгінде бесіншісіне дайындық үстінде.  Нұртас ағылшын тілін білмейді, бірақ жаттықтырусышымен оңай тіл табысады. Өйткені спорт пен өнерде тілдік кедергі жоқ, дейді ол.

Нұртас Әжбенов, кәсіпқой боксшы:

- Бұл жақта енді өте жақсы, керемет. Жаттығу да басқа, жаттықтырушылар да басқа. Жоғарғы деңгейде. Бұл жақта енді кәсіпқой бокс өте жақсы дамыған. Қазақстанда енді-енді дамып келе жатыр. Қарқыны жақсы Қазақстанның. Бірақ бұл жақта қазақтарға өте көп қызығушылық танытады.

Ал 23 жастағы Сұлтан Зәуірбек Шымкент қаласынан. Кәсіби бокста алты жекпе-жек өткізіп, төртеуінде жеңіске жетті. Соңғысы жақында Біріккен Араб Әмірлігінде болған еді. Сұлтан қытайлық қарсыласын нокаутпен құлатқан. Қазір Ұлыбританияның Кардиф қаласында ұйымдастырылатын жарысқа дайындық үстінде. Лондонда жүргеніне көп болмаса да, туған жерін сағынып-ақ қалған. 

Сұлтан Зәуірбек, кәсіпқой боксшы:

- Әрине туысқандарды сағынамыз. Өзіміздің тамақты сағынамыз. Бешбармақ болсын, қазы болсын. Бәрін сағынамыз. Сол жетіспейді. Қалғаны бәрі жақсы. Бұл жақта да бар қазақтар, тамаққа шақырады. 

Қос боксшының жаттықтырушысы испаниялық Энджел Фернандес Нұртас пен Сұлтанның талантына тәнті. Жігіттердің техникасы мен тактикасы ерекше, дейді. Өйткені екеуі де әуесқой бокста мол тәжірибе жинаған. Ендігі міндет спортшыларды кәсіпқой деңгейдегі дүбірлі додаларға дайындау.

Энджел Фернандес, жаттықтырушы:

- Қазақстанның бокс мектебі өте жақсы дамыған. Мәселен, Геннадий Головкинді бүгінде әлем таниды. Нұртас Әжбенов пен Сұлтан Зәуірбек Трипл Джидің ізін жалғастырушылардың бірі болады деп сенемін.

Қазақстанның атынан талай додаға шығып жүрген қос спортшының алға қойған мақсаты кәсіпқой бокста мол тәжірибе жинап, жылдың соңында өтетін он раундтық жекпе-жекте жеңіске жету. Туған жерге белбеумен оралып, көк туымызды биікте желбіретсек дейді өрендер. 

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы