389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралдағы парашюттік спорт мектебінде балалар тегін жаттығады

  • 201
  • UPD: 14:10, 16.09.2019

Еліміздегі жалғыз парашюттік спорт мектебі Орал қаласында.

Мұнда балалар зеңгір көктен төменге секірудің тәсілдерін тегін үйренеді. Осында тәлім алған мектеп түлектері азаматтық және әскери авиацияда, қорғаныс саласында табысты қызмет етіп жүр. Ақжайықтық жас қырандар өткен демалыс күндері кезекті маусымды қорытындылады.

Түн жамылғысын жаңа ғана серпіген аспанға алғашқы араймен таласа көтерілудің әсерін сөзбен жеткізу қиын. Мұны осы мектептің шәкірттері ғана жақсы біледі. Сол үшін де олар таңғы 5-те тұрып, қала сыртына беттейді. Әуе көлігіне мініп, бірнеше шақырымға биіктейді. Жүрек тулатар ең жауапты сәт ұшақтың есігі ашылған соң басталады.

Оралдағы парашют спорты мектебі 2002 жылы ашылған. Содан бері мыңдаған жас осы спорттың қыр-сырына қанығыпты. Биыл 50 оқушы көкте қалықтауға құмартса, басым көпшілігі қыздар көрінеді. 15 жасар Ділназ Сайынованың желкермемен секіргеніне бір жыл толыпты.

Ділназ Сайынова, спортшы:

– Қазіргі уақытта мен 13 рет секірдім. Өте қуаныштымын, маған осындай мүмкіндік түскені үшін. Себебі Қазақстан республикасында тек қана Оралда балалар тегін парашютпен секіре алады.

Парашютпен секіру ең қымбат спорт түрлері санатында. Себебі бір спортшыға қажетті желкерме жиынтығының өзі 3 миллион теңгеге жуықтайды екен. Оған ұшақ пен өзге де шығындарды қосыңыз. Алайда осыған қарамастан, парашют спорты өңірде өркендеп келеді.

Айбек Дәуірбайтегі, №5 облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:

– Көптеген жақсы спортшы шықты. Қазір ол кісілердің барлығы желкермеге қатысы бар салада.

Спорт мектебінің әр шәкірті маусымына 15-30 мәрте секіреді. Күзде кімнің қанша секіргенін санап қана қоймай, қоржындағы жалпы жүлде санын да сараптайды. Биыл парашют спортынан өткен Қазақстан біріншілігінде жас оралдықтар алғашқы үштіктен көрінсе, Швейцарияда өткен әлем чемпионатында қола медаль иеленіпті.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Р. Ғазезов

Хабар 24 телеарнасы