374,84 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

2019 жылы Астанада жаңа көпір салынады

  • Read 494 times
2019 жылы Астанада жаңа көпір салынады

Көлемі мен көркі келіскен жаңа нысан ЭКСПО ауданындағы тұрғын үй алабы мен Қазақ елі монументін байланыстырмақ.

Аз уақытта әлемді аузына қаратқан әсем қаламыздың бірден-бір айнасы осы көпірлер. Ерке есіл елорда көпірлері қала келбетінің нышаны десек болады. Олар көлік ағынын азайтып қана қоймай, шаһардың оң және сол жағалауларын байланыстырып тұр.

Елодада ерке Есілді кесіп жатқан алғашқы көпір «Самал» шағын ауданында салынған. Ол – Бараев көшесі мен Қабанбай батыр даңғылын қосатын өткел. Халық арасында Қараөткел аталып кеткен нысанның атауы көпірдің түсіне немесе басқа да себептерге байланысты емес. Өлке тарихынан аз-маз хабары бар адам оны біледі де. Қараөткел Астана қаласының бұрынғы қазақ заманындағы атауы деседі.

Арлан Қашқымбаев, жауапты серіктестіктің бас инженері:

- Негізінде кез келген көпір өзінше ерек. Сенесіз бе, олар бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Қайталанбайды. Мүмкін сырт көзге бұл байқалмауы мүмкін. Бірақ кішкентай элементі болсын өзгеше. Астана көпірлерінің ерекшеліктері де осында.

Астана көпірлері қос жағалауды жалғап, жолдарды байланыстырып қана тұрған жоқ. Қаланың әсем ажарын аша түскендей. Бүгінде бас шаһарда үлкен көпірлерден бөлек 40-қа жуық кішкентайы тағы бар. Сондай-ақ жаяу жүргіншілерге арналған көпірлер де жоқ емес. Солардың қатарын тағы біреуі толықтырмақ. Жаңа жол Самал шағынауданы мен салынып жатқан Амфитеатр арасын жалғайды. Су жаңа нысан – Атырау облысының тартуы.

Жасұлан Бисембаев, Атырау облыстық әкімдігінің бөлім басшысы:

- Бұл көпір – Астананың 20 жылдық мерейтойына орай Атырау облысының тартуы. Мұнда жаяу жүргіншілерден бөлек велосипедшілер де жүре алады. Нысан астаналықтар мен қала қонақтары үшін демалуға таптырмайтын орын болады деп сенеміз. Құрылысқа жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Сондай-ақ өңірдің атымтай жомарттары атсалысып жатыр.

Шаһарды екіге бөліп жатқан әр көпір өзіндік, қайталанбас сәулетімен  ерекшеленеді. Бүгінде сәні мен салтанаты келіскен «Сарыарқа», «Тұлпар», «Марал» нысандарының көркіне көз тояды. Олардың сәулеті мен мүсініндік композияциялары көшпенділер өркениетінің тарихи-мәдени мұрасынан сыр шертеді. Ал тіпті кейбірі туралы аңыз әңгімелер де жоқ емес.

Арлан Қашқымбаев, «Каздорпроект» ЖШС бас инженері:

- Көпірлердің келбетін сақтау үшін жіті бақылаумыз. Тазалығына жауап береміз. Ең бастысы, жыл сайын қауіпсіздік жұмыстарын жүргіземіз. Мүмкін кей жерлері жарылған шығар. Солардың барлығын қадағалап отырамыз.

Иә, астанасы өзен, көлдің, қала берді мұхитпен астасып жатқан әлем елдерінің қай-қайсысы да көк тіреген көпірлерімен мақтана алады. Әсіресе кәрі құрлықтағы Еуропа елдерінің сәулет өнері талай туристі таңдай қақтырғаны хақ. Ендеше қабырғасы қатып, бұғанағы бекіп келе жатқан жас қаланың көркіне көрік қосқан көпірлердің ғұмыры ұзақ болғай.

Авторлары: Әсел Тұмашқызы, Ерзат Заитхан

back to top
Хабар 24 телеарнасы