430,69 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістан облысындағы құс етін өндіретін зауыт үш мегаполисті өнімдерімен қамтып отыр

  • 1716
  • UPD: 11:21, 01.04.2020

Түркістан облысындағы құс етін шығаратын зауыт қазір еліміздегі үш мегаполисті ет өнімдерімен қамтып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Фабрика тәулігіне 30 тонна күркетауық еті мен шұжық өнімдерін шығарады. Төтенше жағдай кезінде азық-түлік қоры мен баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін бұл өндіріс орны дайын өнімнің негізгі бөлігін ірі қалаларға үзбей жеткізуде.

Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты Түркістан облысындағы құс етін өндіретін фабрика экспорт көлемін 10 пайызға қысқартты. Қазір күрке тауық етінің көпшілігін ішкі нарыққа жіберіп жатыр. Күн сайын Нұр-Сұлтан мен Алматы және Шымкент қалаларына 20 тоннадан астам өнім жіберілуде. Бұл елімізде азық-түлік қорын өз деңгейінде ұстап тұруға ықпал етпек.

Мұрат Тағаев, фабриканың атқарушы директоры:

– Арғы күні Алматы қаласына жіберсек 20 тонна өнімді, кеше Астана қаласына жібердік. Бүгін ертең Алматыға жіберуге толық мүмкіндік бар. Бүгінгі жағдайда негізінен осы үш мегаполисті толық қамтамасыз етсек деген жоспар бар. Кешегі қаңтар айында экспортты 10 пайызға қысқарттық. Егер тағы да сұраныс артып жатса, тағы да 10 пайызға қысқарады. Әзірге бәрі толық жетіп жатыр.

Фабрика басшылығы дағдарысқа қарсы жоспар құра отырып, нарықты зерттегендерін айтады. Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты қазір мектеп оқушыларының бәрі үйде отыр. Сондықтан құс фабрикасы мектеп жасындағы балалар үшін күркетауық етінен терең өңделген шұжық өнімдерін шығаруды да бастады. 

Мұрат Тағаев, фабриканың атқарушы директоры:

– Шұжық өнімдерін біз сасиска, делекатец өнімдерді көптеп өндіруге бағытталдық. Бүгінде оның бағыты дұрыс екені анықталды. Дайын өнімдер күнделікті сауда нүктелеріне жетіп жатыр. Оған сұраныс та көбейіп жатыр. Оны толық қамтамасыз етуге біздің жағдайымыз жетеді. Оған мамандарымыз да, керекті өнім көлемі де жетеді.

Қазір фабрикада 400-ден астам адам еңбек етеді. Олар тәулігіне 25-30 тонна 80 түрлі дайын өнім шығарады. Жалпы, бұған дейін құс фабрикасының шығарған өнімдерінің 40 пайызы Ресейге экспортталып келген болатын. Бүгінде Түркістан облысы бойынша бағаны тұрақтандыру жұмыстары қолға алынған. Әлеуметтік сұранысқа ие азық-түліктің 19 түрі бойынша жеткілікті қор жасақталып отыр. Оны ұдайы толықтырып тұруға қазынадан 1 млрд 800 млн теңге қаржы бөлінді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Самат Нағашыбекұлы

Хабар 24 телеарнасы