418,35 495,02 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Лондонда әсіре оңшылдар полициямен қақтығысқа түсті

  • 165
  • UPD: 14:24, 14.06.2020

Лондонда тағы да жаппай тәртіпсіздіктер болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жолы полициямен текетіреске британиялық әсіре оңшыл топтар және футбол фанаттары түсті. «Қаранәсілділердің өмірі маңызды» қозғалысының белсенділері болса, бұзақылармен бетпе-бет келмеу үшін жоспарланған наразылық шараларын өткізбеді. Дейтұрғанымен, жүздеген адам Гайд-паркте жиналып, талаптарын айтты.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

– Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Уинстон Черчилльдің құрметіне қойылған ескерткіш бұл. Бүгін оның және Нельсон Мандела мен Махатма Ганди сияқты тарихи тұлғалардың мүсіндері қоршаудің ішінде тұр. Қала билігі осылайша вандализме тосқауыл қоймақ. Еске салайық, өткен демалыс күндері бұзақылар Черчилльдің ескерткішін бүлдіріп,  «нәсілшіл болған» деген жазба қалдырып кетті.

Біраз бұрын тәртіп сақшылары халықты орталықтан алыс жүруді сұраған болатын. Өйткені коронавирус жұқтыру қаупі бар болатын әрі  зорлық-зомбылықтың құрбаны бола кетулері де мүмкін еді.

Крессида Дик, полиция комиссары:

– Қоғамдық денсаулық сақтау саласы дағдарысты бастан кешіріп жатыр. Және біз бұзақылар орталыққа жанжал шығару әдейі жиналып жатыр деген ақпарат алдық.

Шынымен де бұл күні британиялық әсіре оңшылдар тобы Парламент алаңы маңындағы ескерткіштерді қорғаймыз деген желеумен наразылыққа шықты. Оларға ішімдікке сылқия тойған мыңдаған футбол жанкүйерлері қосылды. Барлығы да ашулы. Тіпті журналистер мен телеоператорларға да қоқан-лоққы көрсетіп, жарақаттап жатты. Полицияға қарай шөлмектер, түтіндету құтысы және отшашулар ұшты.

Полиция Парламент алаңынан шығатын, Гайд бағына апаратын жолдардың барлығын жауып тастады. Ол жақта нәсілшілдікке қарсы бейбіт шара өтіп жатқан болатын. «Қаралардың өмірі маңызды» қозғалысының ұйымдастырушылары халықты ультраоңшыл белсенділермен қақтығысқа бармауға шақырды.

Дәл осы күні Ұлыбритания патшайымы Елизавета ІІ-ші Виндзор сарайында өзінің туған күнін атап өтті. Монарх 94 жасқа толды. Әдетте бұл күні салтанатты шеру өткізіліп, орталыққа халық көп жиналатын. Жұрт бұл жолы наразылықтарын білдіруге келді.

Қақтығыстар Трафальгар алаңында жалғасты. Тәртіп сақшыларына түтіндету құтылары лақтырылып, полицейлер оларды келтекпен ұрды. Скотленд-Ярд хабарлағандай, тәртіпсіздіктер кезінде кемінде алты полицей жарақат алып, бес адам тұтқындалған.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы