378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мәскеуде «Алпысыншы жылғылар. Түркі романтизмі» атты экспозиция ашылды

  • 243
  • UPD: 23:35, 06.03.2019

Сол кезеңдегі қазақстандық суретшілердің туындыларын Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайы ұсынды.

Бұл – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақстандық музей өткізіп отырған төртінші халықаралық көрме.

Зураб Церетелидің өнер галереясында қазақ суретшілерінің туындылары қойылды. Мұнда алпысыншы жылдары өзіндік мәнерімен ерекше із қалдырған шеберлердің 50-ден аса суреті тұр. Бұл Қазақстанның көркемөнері өрлеген кезең саналады. Билік қысымы әлсіреп, халық тынысы ашылған уақытта суретшілер тастай қатқан қағидалардан бас тартып, өнердегі өзіндік тілі мен стилін қалыптастырды. 

Гүлмира Шалабаева, Ә.Қастеев атындағы мұражайдың директоры:

- Алпысыншы жылдар дәуіріндегі өте белгілі суретшілердің туындыларын әкелдік. Көрменің қызығы да осында, себебі бұл Қазақстан бейнелеу өнері тарихындағы маңызы зор тұлғалар. Бұл Айтбаев, Шарденов, Тоғысбаев секілді есімдер, графиктерден Кисамединов, Исатай Исабаев.

Виктор Калинин, Ресей көркемөнер академиясының бірінші вице-президенті:

- Қазақ суретшілерінің жетіліп жүргенін үнемі үлкен қызуғышылықпен бақылайтынмын. Олардың бір керемет жарқыраған кезі еді, мұны бәрі анық байқаған. Көрмелерде үнемі бас жүлде алатын. Қазақ суретшілері туындыларының өзіндік ерекшелігі үлкен әсер қалдырады. 

«Алпысыншы жылғылар» алдына нақты мақсат қойған. Жаңа идеялар іздеу барысында қазақ көркемөнер мектебінің іргесін нығайтып жүрді олар. Бұл суретшілер әрқашан да өздері үшін өзекті саналған мәселелерді қағаз бетіне түсіріп келді.

Күлжазира Мұқажанова, Ә.Қастеев атындағы мұражайдың аға ғылыми қызметкері:

- Ұлттық стилін құру үшін олар халықтың сәндік өнер тәжірибесіне, шығыс миниатюрасына, Гоген мен Матисстің өнеріне сүйенген. Бұл суретшілер де Шығыстан үйренгені белгілі. 

Ольга Юшкова, Ресей көркемөнер академиясы жанындағы өнер тарихы мен теориясы ғзи жетекші ғылыми қызметкері:

- Олар өз тарихымен қоса бүкіл әлемнің, әсіресе ежелгі шығыстың тарихын жақсы білген ойшыл кісілер еді. Шығармашылығында осы ежелгі өнерді заманауи дүниемен үйлестіре білді. 

Бұл көрме қазақ шеберлерінің өнері әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтапағанын айқын көрсетіп отыр. Мәскеудегі экспозиция наурыз айының соңына дейін жалғасады.

Авторлары: Дана Нұржан, Александр Любителев

Хабар 24 телеарнасы