376,16 406 5,90

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Семейлік құтқарушылар өткен тәулікте 140-тан астам адамға көмек көрсетті

  • 650
  • UPD: 17:45, 10.02.2017
Семейлік құтқарушылар өткен тәулікте 140-тан астам адамға көмек көрсетті Фото: Семей қалалық ТЖБ

Кешеден бері Семей өңірінде алай-дүлей ақ түтек боран басылар емес.

Өткен тәулік бірнеше бағытта автожолдар жабылып, дауылдық ескертулер жасалғанына қарамастан, бірнеше жеңіл көлік жолаушыларымен жолға шыққан. Семей-Қайнар автожолында қалаға үш шақырым жетпей, қар құрсауында қалған адамдарға құтқарушылар көмекке келді. Оқиға орнынан 24 адам көшірілді, оның екеуі бала. Сондай-ақ 9 бірлік техника қар құрсауынан шығарылды. Алайда медициналық көмекке ешкім жүгінбеген.

Сол түні 45-ӨСБ құтқарушылары қаладан 52 шақырымдағы Талица ауылында ес-түзсіз жатқан әйелге медициналық көмек көрсету және қалаға жеткізу үшін жедел жәрдем көлігімен бірге шықты. Дегенмен, қардың қалындығына байланысты көліктер аталған орынға жете алмағандықтан, 7-ӨСБ құтқарушылары шынжыр табанды көлікпен көмекке барып, дәрігерлер ауыр техникамен ауыл ішіне дейін жеткізілді, құтқарушылар сырқат адамды жедел жәрдем көлігіне мінгізіп, қалалық емханаға дейін шығарып салды.

Сондай-ақ Семей қаласынан 20 шақырым жерде Семей-Алматы автожолдарында қар құрсауында қалған «Талдықорған - Семей» халықаралық автобусынан 25 адам және жеңіл көліктерден 35 адам, барлығы 60 адамды көшірілген, оның жетеуі – бала. Семей-Қарауыл тасжолынан қалаға «КамАЗдың» 2 жүргізушісі жеткізілді, қалған техника қар құрсауынан арнайы көлікпен шығарылып, қалаға жеткізілді. Семей-Өскемен тасжолында да 7 адам көшірілді.

Осылайша семейлік құтқарушылар бір тәулік ішінде жалпы 136 адамды құтқарды, оның 9-ы – бала. Құтқару жұмыстарына барлығы 5 техника бірлігі және жеке құрамнан 21 адам тартылды, сондай-ақ құтқарушыларға кәсіпорындардың жол пайдалану қызметтері де көмек көрсетті. Ең бастысы, адамдар дін аман, зардап шеккендер жоқ. Бұл туралы Семей қалалық ТЖБ хабарлап отыр. Құтқарушылар ауа райының қолайсыз болуына байланысты уақытша алыс жолға шықпауға және жолға шығар алдын көліктің техникалық жағдайын тексеруге, сонымен қатар дауылдық ескертулер туралы ақпараттарға құлақ салуға кеңес береді.

Авторы: Болат Көкенайұлы

Хабар 24 телеарнасы