382,38 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматылық ұстаздар ағылшын тілін меңгеруді бастап кетті

  • 739
  • UPD: 23:37, 10.04.2017

Алматылық ұстаздар партаға қайта отырды.

Қалада физика, химия, биология және информатика пәнінің мұғалімдері ағылшын тілін үйренуді бастады. Аталған төрт пәннің мұғалімдеріне арналған алғашқы курстар «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында өтіп жатыр.Химия пәнінің мұғалімі Татьяна Белоусованың жасы 55-те. 33 жылдан бері мектепте жұмыс істеп келеді. Өз сабағын ағылшын тілінде жүргізуді осыдан 4 жыл бұрын бастағанын айтады. Енді тәжірибесін жетілдіруді көздеп отыр.

Татьяна Белоусова, химия пәнінің мұғалімі:

- Өзімнің мектебімде 8-9 сыныптарда ағылшын тілінде факультатив курс жүргіземін. Сондықтан аздаған тәжірибем бар. Менің пікірімше аталған пәндерді ағылшын тілінде оқыған оқушылар Қазақстанның ғана емес, әлемдік еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болады.

Елімізде 2019 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 10-11 сыныптарда химия, физика, биология және информатика пәндерін ағылшын тілінде жүргізу жоспарланып отыр. Сол уақытқа дейін осы пәндер бойынша сабақ беретін 1600-ден астам алматылық ұстаздың басым бөлігі Шекспирдің тілінде еркін сөйлеуі тиіс.

Раиса Сәдуақасова, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиал директоры:

- Курс соңында олар IELTS тестінен сынақтан өтеді. Содан соң өз пәнін ағылшын тілінде жүргізу әдістемесі бойынша емтихан тапсырып, арнайы сертификаттар алады.

Әзірге «Өрлеуде» 36 пән мұғалімі оқып жатыр. Сабақ 3 ай бойы жүреді. Тамыз айында ұстаздардың екінші легі ағылшын тілінің курсын бастайды.

Салтанат Бижанова, физика пәнінің мұғалімі:

- Сабақ сағат 9-дан 4-ке дейін. Күнделікті таңертең тоғызда басталады, төртте аяқталады. Үй тапсырмасын береді. Және өзіміз өздігімізден білмейтін сөздеріміздің барлығын үйде қайталаймыз. Осында өткен сабақтарды қайталаймыз.

Пән мұғалімдерін даярлау курстары Назарбаев зияткерлік мектептері жанындағы Педагогикалық шеберлік орталығы мен «Ұстаз» біліктілікті арттыру орталығында да өтеді.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Кенже Амраев.

Хабар 24 телеарнасы