364,95 419.00 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағанды облысында жөндеу көрмеген тұрғын үй тұрғындарды әбігерге салды

  • 183
  • UPD: 19:55, 30.07.2018

Абай қаласында шатыры жөндеу көрмеген үйдің төбесінен жауын жауса болды су сорғалап, тұрғындарды әбігерге салады.

Алаңдаған жұрт енді тозығы жеткен тұрғынжай апатты деп танылып, баспанасыз қаламыз ба деп те уайымдап отыр. Оған себеп те жоқ емес.  

Абай қаласында осыдан 4 күн бұрын жауын селдетіп, тұрғындарды әбден әбігерге салды. Үйлердің төбесінен су сорғалап тұр. Мынау ғимараттың кіребересі ғана. Ал пәтердің іші адам көргісіз.

Любовь Литвинованың үйінде тілшілеріміз осыдан тоғыз ай бұрын болған еді. Сол кезде де жаңбыр суы шатырдан ішке өтіп, отбасын әбден әбігерге салған. Қазір де өзгерген ештеңе жоқ. Төбеден сорғалаған судың салдарынан жиһаз бен түсқағаз бүлінген. Тіпті, үй ішінде өрт шыға жаздапты. 

Любовь Литвинова, тұрғын:

- Сымдар тұйықталып, ұшқын пайда болды. Салдарынан жарықты өшіріп тастап, электр желісін ауыстырдық. Бұл оқиға күндіз болды. Ал түнде от шықса қайтер едік?! Кішкентай балалар бар. Қорқынышты. 

Бұл пәтердегі жағдай көпқабатты үйдің барлық тұрғындарына жақсы таныс. Ондаған отбасы ұзақ уақтыт бойы жөндеу көрмеген шатырдан зардап шегіп отыр. Төбеден аққан судан қабырғалар көгерген. Соның салдарынан кей тұрғындардың тынысы тарыла бастапты. 

Еркегүл Сұраухан, тұрғын:

- Екі балам бар. Қазір атасы мен апасына демалысқа кетті. Үнемі ауырады. 

Серікбол Қуанхан, тұрғын:

- Қаншама рет әкімдікке де бардық. Бәріне айттық. «Әне істейміз, міне істейміз» деп созбақтаумен келе жатыр.

Тұрғындар: «алғаш рет әкімдікке көмек сұрап осыдан бірнеше жыл бұрын бардық», – дейді. Бірақ еш нәтиже шықпады. Бұл жолы да тиісті құжаттар жиналған. Тіпті арнайы мамандар келіп, қажетті құрылыс материалдарын түгендеп кеткен. Алайда жұмыстың нақты қашан басталатыны әзірге белгісіз.  

Дидар Қабаев, Абай аудандық әкімдігінің бөлім басшысы:  

- Осы жылдың тамыз айында Қарағанды облыстық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы арқылы нөмірі 41 үйдің шатырын жөндеу үшін бюджеттен қаржы бөлу жоспарланып отыр. Жөндеу жұмыстары қазан айының соңына дейін жалғасады.  

Жауапты мекеме өкілдерінің сөзіне сенсек, алдағы уақытта бір емес, екі үй жөнделеді. Ал оған бөлінген қаражатты тұрғындар кейін қайтарады. Несие ретінде бөліп төлейді. Бұдан бөлек Абай қаласында шатырынан су сорғалап, қабырғалары құлағалы тұрған ондаған үй бар. Әзірге бұл баспаналардың иелері құжат жинап, кезегін күткеннен басқа амал жоқ.

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Марк Брюшко, Сайлау Игіліков

Осы категория бойынша: « Петропавлдағы балықшылар жарысына қыз-келіншектер де қатысты Елімізден 104 шетел азаматы шығарылды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы