389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көкшетаудағы қыруар қаржы жұмсалған саябақ құрылысы тоқтап тұр

  • 239
  • UPD: 22:40, 23.09.2019

Көкшетауда екі жылға жуық уақыт саябақ құрылысы тоқтап тұр.

Ірі нысан жоспар бойынша былтыр пайдалануға берілу керек еді. Алайда белгісіз себептерге байланысты жұмысы тұралап тұр. Салынған ғиматтары тозып, әкелінген құрылыс материалдары қолды бола бастаған. Құрылыстың тоқтауына не себеп?

Дамир Берікұлы, тілші:

– Көкшетауда солтүстік аймақтағы ең ірі саябақ салынып жатыр. Ол 25 гектар аумаққа жайғасады. Ал оның құрылысына 700 млн теңге қарастырылған. Дәл осылай осыдан екі жыл бұрын бүкіл елден сүйінші сұраған болатынбыз. Алайда құрылыс ұзаққа созылмады. Қазір көріп тұрғандарыңыздай, мұнда ешқандай да құрылыс жұмыстары жүріп жатқан жоқ.

Саябақтың құрылысы негізі 2015 жылы басталыпты. Бірақ ол кезде де жұмыстар өте баяу жүрген. Мына тұрған әкімшілік ғимарат пен қоғамдық әжетхананың өзін мердігер компания екі жылдай салған. Осы маңайда тұратын тұрғындардың айтуынша, құрылыс басталғалы бақандай 4 жыл өтсе де, істері еш өнбейді. 

Амангелді Жақыпов, қала тұрғыны:

– Жазғытұрым бастайды. Бір ай істейді де, тастайды. Жылда солай. Ақшасы бітіп қалады.

Жоба бойынша мұнда гүлдер аллеясы мен балалар аттракциондарынан бөлек футбол, волейбол және баскетбол алаңдары, 5 шақырымнан астам шаңғы-роллер жолағы мен көлік тұрағы болуы тиіс еді. Ал саябақтың төрінде «Қазақстан» деген жазуы бар тутұғыр орналасатын болған. Бірақ қазір оның ешқайсысы жоқ. Алайда бүгінге дейін кеткен қаржының көлемі өте көп. Жауаптылардың айтуынша, төрт жылдың ішінде саябақ құрылысына 400 млн теңгеден астам қаражат жұмсалып, оған бір-екі ғимарат салынып, инженерлік инфрақұрылымдар тартылған.

Ержан Шәкіржанов, қалалық құрылыс бөлімінің жетекшісі:

– Биыл және былтыр бұл жобаға ешқандай қаражат бөлінген жоқ. Бірақ осы жылы біз бірнеше рет облыстық құрылыс басқармасына қаражат қарастыру туралы өтініш жібердік. Бірақ одан еш нәтиже болмады. Алдағы жылдың бюджетіне тағы да ұсынамыз. Қалған жұмыстарды бітіру үшін енді 477 млн теңге қажет.

Ал құрылыстың тоқтауына 2017 жылдың соңында жобаға енгізілген түзетулер себеп болған көрінеді. Қоршаудың материалы мен тағы бірнеше шағын өзгерістерді қосқанда жоба құны қосымша 200 млн теңгеге қымбаттап шыға келген. Міне, сол кезден бастап қаржыландыру тоқтап қалған. Тоқтағаны былай тұрсын, 400 млн теңге жұмсалған нысан іске қосылмай жатып, тозып барады. Ал құрылыстың нақты қашан бітері әзірге белгісіз күйінде қалып отыр.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы