429,76 515.14 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елорда жағажай маусымына дайындалуда

  • 417
  • UPD: 15:06, 20.05.2020
Елорда жағажай маусымына дайындалуда

Осы кезеңде күнделікті 20 кәсіби құтқарушы, 14 қайық, сондай-ақ қоғамдық құтқарушылар қатарынан 30 адам, азаматтық қорғанысты қамтамасыз ету орталығынан 15 адам жұмылдырылады, деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Нұр-Сұлтан қалалық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Есен Байыровтың айтуынша, тексеріс қорытындысы бойынша қала аумағында 23 шомылу орны анықталды. Олардың үшеуі ғана ресми рұқсат етілген: орталық жағажай, «Три пескаря» және «Астаналық аула» демалыс аймағы.

«Аудан әкімдіктерімен бірлескен аралау қорытындысы бойынша Алматы ауданында 3, Байқоңыр ауданында 1, Есіл ауданында 3 және Сарыарқа ауданында 3, жалпы он учаскеде тегін жағажайлар ашу туралы шешім қабылданды», – деп атап өтті Е.Байыров.

Сонымен қатар 9 мамырдан бастап ТЖ департаменті әкімдікпен бірлесіп тыйым салу белгілері мен ақпараттық стендтер орнатып, шомылу орындарының түбін тексеруде. Демалыс орындары мен қалалық жағажай иелеріне ақпараттық хаттар табыс етілді.

Жағажай маусымына күнделікті патрульге жеке құрамның 20 адамы, 14 қайық, сондай-ақ қоғамдық құтқарушылар қатарынан 30 адам және қала әкімдігінің азаматтық қорғанысты қамтамасыз ету орталығынан 15 адам қатысады.

25 мамырдан бастап су айдыны бойында орналасқан тұрғын үй алаптарында, демалыс аймақтары мен тыйым салынған шомылу орындары бойынша халықпен толық ауқымды ақпараттық үгіт-насихат жүргізіледі.

Сонымен қатар қала акваториясында полиция, ТЖД, Ұлттық гвардия бірлескен рейд өткізу кестесі бекітілді. Сондай-ақ суға түсуге рұқсат етілген және тыйым салынған орындар көрсетілген патруль картасы жасалды.

ТЖД мәліметінше, соңғы үш жылда қала акваториясында 43 адам қаза тапты. Оның ішінде әрбір үшінші адам – 9-дан 15 жасқа дейінгі бала. Ол кезеңде қала су айдындарында 50 адам, оның ішінде 14 бала құтқарылды.

Хабар 24 телеарнасы