422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

СҚО-дағы Тайынша ауданында дала өрті сөндірілді

  • 151
СҚО-дағы Тайынша ауданында дала өрті сөндірілді

21 қазан сағат 17:26-да СҚО ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ Тайынша ауданы, Тайынша қаласының №14 өрт сөндіру бөлімінің байланыс пунктіне қоңырау түсті.

Хабарлама бойынша Ақмола облысы тарапынан Жаңадәуір және Амандық ауылдары арасында шөптің өртенгені туралы мәлімделді. Өрттің алдын ала ауданы 1000 гектардан астам (Тайынша қаласынан өрт орнына дейінгі арақашықтық – 110 шақырым, жақын маңдағы өрт сөндіру бөлімшесінен және Чкалово селосының өрт сөндіру бекетінен 45 шақырым).

Шақыру орнына дереу Чкалово селосының № 26 өрт сөндіру бекетінің кезекші қарауылы шықты. Қосымша күштер мен құралдар талап етілді. Жергілікті атқарушы органдарға, жақын маңдағы объектілердің өртке қарсы ерікті құралымдары хабарланды. Өрт сөндірушілер «Орлиногор орман шаруашылығы» КММ орманшыларымен, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп өртті жоюға кірісті.

Көп ұзамай өрт орнына Тайынша қаласы № 14 өрт сөндіру бөлімінің, Ақмола облысы «ТЖД ӨСжАҚЖҚ» ММ Зеленый бор кентінің № 25 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қосымша күштері мен құралдары, ауданның орман шаруашылығының мамандары, «Ильичевка Астық» ЖШС, «Бесқарағай» ЖШС, жергілікті тұрғындар келді. Өртті жоюмен бір мезгілде жақын маңдағы Амандық және Жаңадәуір ауылдарына оның таралу қаупін болдырмау мақсатында 3 шақырымнан астам қашықтықта жер жыртылды.

Өртті сөндіру  жұмыстары желдің қатты болуымен күрделенді.

Өрт 2020 жылғы 21 қазанда сағат 01.00-де ауыздықталып, 02.40-та толығымен сөндірілді.

Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі мен келтілірген шығын анықталуда. Өрт аумағы 1050 гектарды құрады.

Өртті жоюға СҚО ТЖ департаментінің, Ақмола облысы ТЖ департаментінің, жергілікті атқарушы органдардың, Тайынша ауданының мемлекеттік орман мекемесінің, өртке қарсы ерікті құралымдардың күштері мен құралдары: жеке құрамнан 61 адам және 15 бірлік техника (өрт сөндіру арнайы техникасы, тракторлар, су тасығыштар, қосымша көлік) жұмылдырылды.

Хабар 24 телеарнасы