384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің V саммиті аяқталды

  • 450
  • UPD: 19:39, 15.06.2019

Тәжікстан астанасы Душанбеде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің бесінші саммиті аяқталды.

Оған 10-нан астам елдің президенті қатысты.

Тізімде Қасым-Жомарт Тоқаев та бар. Мемлекет басшысы саммитте сөз алып, аймақтың тұтастығын сақтап, қауіпсіздігін нығайтуға қатысты бірқатар бастама көтерді.

Тәжікстан Азия лидерлерінің саммитін алғаш өткізіп отыр, сондықтан болар тыңғылықты әзірленді. Тіпті жергілікті ақпарат көздері саммитке орай ел астанасы Душанбе 1 млн гүлмен көмкерілгенін хабарлады. Гүл қаланың кешеден бері саяси салмағы артты. Кеңестің кезекті 5-отырысына 10-нан астам елдің басшылары келді. Бүгін «Наурыз» сарайына жиналған президенттерді саммит иесінің өзі қарсы алды.

Бұл – Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының ресми президенті ретінде қатысып отырған алғашқы саммиті.

Гүлжан Марқабаева, тілші:

– Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің кеңістігі кең. Оған мүше мемлекеттердің географиясын картадан сызып шықсаңыз, Азия елдері мен халқының 90% қамтитын алып аумақты көресіз. Әр төрт жыл сайын кеңеске мүше мемлекеттер, тіпті саяси көзқарастары кереғар мемлекеттер де бір үстел басына жайғасады. Себебі қазір мемлекеттер қауіп пен қатерге аймақ болып қарсы тұрып, қарекет жасау қажеттігін түсінді.

1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған идея ұлттардың ұстанымына айналды. Содан бері 27 жыл өтті, кеңестің қазір 27 мүшесі бар. Яғни уақыт өлшемімен алып қарасақ, кеңес құрамы жыл сайын бір мүше мемлекетпен толығып отырған. Кеңес мүше мемлекеттердің сенімінен шықты, үмітін ақтады. Негізгі идея шынайылыққа айналды. Сондықтан оның қатарына қосылғысы келетіндер көп. Кеңес отырысы Қасым-Жомарт Тоқаевты президенттік лауазымымен құттықтаумен басталды.

Эмомали Рахмон, Тәжікстан республикасының президенті:

– Күн тәртібіндегі мәселелерге көшпей тұрып, ең алдымен Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының президенттігіне сайлануымен құттықтаймын. Осы жауапты лауазымда сәттілік тілеймін. Сондай-ақ кеңес мүшелігіне енді қосылған Шри-Ланка елінің делегациясына да жемісті жұмыс тілегім келеді.

Бүгінгі Азия – қарқынды дамып келе жатқан, алапат адами һәм табиғи ресурсы бар аймақ. Дегенмен аймақтағы мемлекеттерді алаңдататын проблемалар бар және ол азаймай отыр. Терроризммен күрес, есірткі бизнесі, заңсыз қару айналымы, экологиялық ахуал, заңсыз миграция. Әсіресе, террористік топтардан келер қауіпті мейілінше азайтуға бәрі мүдделі. Саммит барысында сөз алған Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық терроризмге қарсы іс-қимылдың бірлескен тәсілдерін әзірлеуді ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Халықаралық терроризмге қарсы іс-қимылдың бірлескен жүйелі тәсілдерін әзірлеу – өзекті міндет. Бұл зұлымдыққа қарсы күрес бойынша маңызды міндеттемелер БҰҰ Бас Ассамблеясының 73-сессиясында қабылданған кодексте көрсетілген, оны әлемнің 82 мемлекеті қолдады. Сол құжат кеңес кеңістігінде терроризм қатерінің алдын алу бойынша ұсыныстарды әзірлеу кезінде негіз болса деген ұсыныс бар. Сондай-ақ біз форумның жобаларын, бағдарламаларын және өзге де қызметін қаржыландыру үшін арнайы қор құруды ұсынамыз. Мұндай жаңа тетік кеңестің іскерлік қызметін ынталандырады. Адами капиталға инвестиция салу кеңеске қатысушы барлық мемлекеттердің экономикалық әл-ауқатына үлкен серпін бере алады деп ойлаймыз. Бұл тұрғыда Азиядағы этносаралық және конфессияаралық үнқатысуды дамытуға басты назар аудару маңызды.

Тәжікстан президенті көрші Ауғанстандағы жағдайға алаңдаушылық білдірді. Кеңеске мүше мемлекеттерді бұл мәселеде тиімді шешімдер қабылдауға шақырған тәжік лидері елдегі экологиялық ахуалдың да қаупіне баса мән берді. Оның айтуынша, мұздақтардың тез еруі Орталық Азиядағы су тапшылығын тіпті өршітіп жіберуі бек мүмкін. Ауғанстандағы ахуалға бүгін Владимир Путин де жеке-дара тоқталды. Ресей лидерінің айтуынша Сирия сергелдеңін шешуде астана форматының ықпалы бар.

Владимир Путин, Ресей федерациясының президенті:

– Ресей Ауғанстан диалогына жан-жақты ықпал етеді, ақпан және мамыр айларында Мәскеуде Талибан мен Ауғанстан үкіметімен келіссөздер раунды өтті. Сирияда ұзақ мерзімді тұрақтандыру да аса маңызды міндет. Ресейдің қатысуымен Сирия аумағының басым бөлігі заңды үкіметтің бақылауына алынды. Ресей, Иран және Түркияның астана форматындағы жұмысы нәтижесін берді.

Ал Қытай басшысы Си Цзиньпин Азия мемлекеттерінің ерекшелігін ескере отырып, қауіпсіздіктің мүлдем жаңа қалыбын қалыптастыруды ұсынады. Ұжымдық қауіпсіздікке ұмтылуымыз қажет деген Қытай төрағасы бүгінгі туған күніне қарамастан, 3 сағатқа созылған отырыста өз ойларын ортаға салды.

Си Цзинпин, Қытай халық республикасының төрағасы:

– Қытай Азия деген үлкен отбасының мүшесі ретінде бейбітшілікті ілгерілетуге және тәртіпті қорғау мен қамтамасыз етуге өз үлесін қосуды жалғастыра береді. Біз бейбіт даму жолымен батыл жүретін боламыз. Қытай «Бір белдеу, бір жол» жобасы аясында барлық елдермен ынтымақтасуға және сол арқылы өз тауарларын Қытай нарығында сатуға мүмкіндік жасауға дайын.

Өзбекстанды арал мәселесі алаңдатады. Бүгін Шавхат Мирзиеев аралды аман алып қалу әлі де кеш еместігін ескертті. Өзбекстан президентінің ойынша жастар арасындағы радикализация мәселесі – үлкен қауіптің алды.

Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан республикасының президенті:

–Экология, демография, миграция, өмір сапасының төмендігі және білім. Бұлар әлеуметтік жанжалдардың негізгі себебі, дәл осындай кезде экстремизм мен терроризм идеологиясы тұтанады. Әсіресе, жастар арасындағы радикализация процесі ерекше алаңдатып отыр. Бірақ ең бастысы қазір әлем сенім дағдарысын өткеріп отыр. Ал елдер мен халықтар арасындағы қауіпсіздіктің негізгі кепілі сенім болып табылады емес пе?

Сенім мен келісім. Бүгін мына дөңгелек үстел басында жиналған президенттер, премьер-министрлер мен делегация мүшелері тағы бір ортақ қорытынды жасады – келісіп пішкен тон келте болмайды. Саммит қорытындысы бойынша мүше мемлекеттер Душанбе декларациясын қабылдады. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің жоғарғы органы – мемлекет басшыларының саммиті енді төрт жылдан соң өтеді.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Еділ Ермекбаев, Алмас Омарғалиев, Айдос Серікболұлы

Хабар 24 телеарнасы