384.05 434.70 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Астана арландары» клубы бүгін шаршы алаңға қайта шығады

  • 480
  • UPD: 09:28, 04.02.2017

Бүкіләлемдік бокс сериясының 2 дүркін чемпионы қазақстандық «Астана арландары» клубы бүгін халықаралық турнирдің жетінші маусымында шаршы алаңға қайта шығады.

Қазір олар Мәскеуде жаттығу жасап жатыр. Спортшылар мұнда өзара тәжірибе алмасып, кездесу алдындағы дайындығын пысықтады. Бүкіләлемдік бокс сериясының бұл маусымында арландарымыз ресейлік Patriot Boxing Team командасымен кездеседі. Бұған дейін «Russian Boxing Team» деп танылған бұл клуб маусым алдында атын өзгертуді құп көріпті. Биылғы байрақты бәсекеге 12 елдің командасы қатысады. Бірінші кезеңде «Астана арландары» қытайлық China Dragons, өзбекстандық Uzbek Tigers командаларымен С тобына түсті.

Серік Сәпиев, Astana Arlans клубының бас директоры:

- Жыл басынан жаттығу жасап осы кездесуге тыңғылықты дайындалдық. Команда жігіттері сақадай сай. Жеңіске жетеміз деп үміттенемін. Бізге жанкүйерлердің қолдауы үлкен қуат береді. Ресейлік боксшылар да осал емес, жоғары дәрежелі спортшылар. Бірақ жігіттерімізге сенеміз. Кездесуді «Хабар» арнасынан тамашалап, арландарға жанкүйер болыңыздар деймін.

Жаңа маусымның алғашқы кездесуінде шаршы алаңға шығатын жігіттердің құрамы мынадай: 49 келіге дейінгі салмақта Теміртас Жүсіпов, 56-ға дейін Ілияс Сүлейменов, Ал 64 келіде Ділмұрат Мижитов құрамадағы алғашқы кездесуін өткізеді. 91-келіден жоғары ауыр салмақта Антон Пинчук атой салмақ.

Нұрлан Ақүрпеков, Astana Arlans клубының аға жаттықтырушысы:

- Барлық жігіттер Қазақстан чемпионатының жеңімпаздары, жүлдегерлері. Тәжірибелері мол азаматтар. Көңіл-күйіміз өте жақсы. Жылы қабылдады Ресей ұйымдастырушылары. Жігіттеріміздің бәрі жақсы дайындықтан өтіп, жақсы көңіл-күймен ертеңгі жекпе-жекте жанкүйерлерімізді қуантады деген сенімдемін.

«Астана Арландары» мен Patriot Boxing Team жігіттері сенбі күні шаршы алаңға шығып, жұдырық түйістіреді. Кездесуді «Хабар» арнасын тікелей эфирде тамашалай аласыздар.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожаев, Дана Нұржан, Тимур Алтынбаев.

Хабар 24 телеарнасы