384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-да жаңа кәсіпорындар іске қосылды

  • 807

Шығыс Қазақстанда мерейлі мерекеде іске қосылып жатқан нысан көп.

Әсіресе өнеркәсіп ошақтары. Мәселен, Аягөз қаласында 2 кәсіпорын ашылып, 60 адам жұмыспен қамтылды. Бірі 30-дан астам ет өнімдерін шығаратын комбинат болса, екіншісі – қағаз бұйымдарын шығаратын цех.

Өңірде мал басы артқан сайын өңдеуші кәсіпорындарға сұраныс арта түсетіні түсінікті. Озық технологиялармен жабдықталған ет комбинатының өнімдері жоғары талаптарға сай. Қазірдің өзінде өз еліміз ғана емес, көршілес Ресей елінен де тапсырыстар түсіп жатыр екен. Жұмысқа тұрғандардың дені жастар. Олардың бірқатары Ресейге барып арнайы тәжірибе жинақтаған.

Гүлдана Сәрсенбаева, инженер-технолог:

- Тәулігіне 15 бас мал сойылады және бір жарым тонна шұжық өндіріледі, шұжықтың 15-ке жуық түрін өндіреміз. Мал сою цехы өзімізде болғандықтан таза өнімді өндіреміз.

Ал жаңадан ашылған тағы бір кәсіпорын қағаз қалдықтарын кәдеге жаратып, қос мәселені қатар шешіп отыр. Әзірге мұнда тәулігіне 1 тонна қағаз өңделеді. Алдағы уақытта жұмыс орындары көбейе береді дейді кәсіпкерлер. Өйткені болашақта қоқысқа айналған пластикалық ыдыстарды іске жарату жобасы жоспарда тұр.

Бағдат Манасов, кәсіпкер:

- Елбасымыз айтты ғой: «Қазақстанды, «жасыл» экономиканы дамытамыз» деп. Базардан, дүкендерден шашылып жатқан картондардың бәрін қайта өңдеп, дайын өнім шығарып отырмыз. Халық мұнда келіп, ақырындап тасып жатыр.

Азаттық алған жылдары Аягөз ауданында шағын және орта бизнес қарыштап дамыды. Ірі жобалар да жүзеге асып жатыр. Ал өндірілген көлемнің 30%-ы өнеркәсіпке тиесілі.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Анатолий Тернов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы