386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Б.Сағынтаев Баку-Тбилиси-Карс теміржол желісінің ашылу салтанатына қатысты

  • 596
  • UPD: 21:40, 30.10.2017

Ұлы жібек жолының батыс бөлігі қайта жанданды. Бүгін Баку-Тбилиси-Карс теміржол желісі ашылды. Салтанатты рәсімге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев қатысты. Жаңа желі Бакуден 70 шақырым жерде орналасқан Алят портынан бастау алып, Тбилиси арқылы Түркияның Карс қаласына дейін созылып жатыр. Жалпы ұзындығы 826 шақырым. Жаңа магистраль өңірлік сауда-саттықтың дамуына серпін бермек.

Оның өңірлік логистиканы дамытып, жүк тасымалын оңтайландыруға ықпалы зор. Бұл бағдар Азия мен Еуропаны жақындата түсті. Сөйтіп Қазақстан Қара теңіз бен Жерорта теңізіне баратын жаңа теміржол бағыттарына ие болды. Мамандардың болжауынша, осы дәліз арқылы алғашқы кезеңде 1 млн-ға дейін жолаушы, 6 жарым млн тонна жүк тасымалданады. Қазақ елі жобаны алғашқылардың бірі болып қолдады. 

Күні кеше Көкшетаудан астық тиелген вагондар Құрық порты арқылы Түркияға осы желімен жөнелтілді. Қытайдан да пойыздар Еуропаға аталған бағытта қатынай бастады. 2020 жылға қарай Қазақстан арқылы Түркияға бағыт алған контейнерлердің саны жылына 2 млн-ға жетпек. Осылайша транзит әлеуетінің күшеюінің арқасында Қазақстан 1 млрд долларға дейін пайда көреді.

Хабар 24 телеарнасы