389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақордада тіл жанашырлары марапатталды

  • 482
  • UPD: 22:33, 20.09.2019

 

Салтанатты рәсім «Тіл туралы» заңның қабылданғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр.

Президенттің алғыс хаты 100-ден астам азаматқа берілді. Барлығы – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, туын тіктеуге ат салысқан арда жандар.

Тілі тілімденген ұлттың тағдырығы да тас-талқан болады. Аузы дуалы абыздардың кейінгі буынға ұлағат еткені де, аманат қылғаны да осы. Ана тілдің қадырын қашырмай, қаз-қалпында сақтап қалуға небір зиялы тер төккен еді. Сөйтіп, сексенінші жылдардың тәмам тұсында тілді тұғырға қондырды. Осыдан 30 жыл бұрын елімізде «Тіл туралы» заң қабылданды.

Дархан Кәлетаев, ҚР Президентінің әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары:

– Мемлекет басшысы халыққа жолдауында қазақ тілі ұлтаралық тіл болатынын айтқан еді. Осы мұратқа жету жолында жұрт жұдырық болып жұмыла білу керек. Тілдің өрісін кеңейтуге біраз азамат осы күні ат салысып жүр. Еңбектері еш кетпеді. Ақордада Мырзатай Жолдасбек, Мұхтар Шаханов, Асылы Осман, Дос Көшім бастаған бір топ майталман Президенттің алғыс хатын алды.

Мырзатай Жолдасбек, мемлекет және қоғам қайраткері:

– «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов дәуірінде осылай деген. Әлі де өзекті. Салтанатты шарада сөз сөйлегендер тілдің туын жықпау үшін қазақ тілді басылымдардың еңсесін көтеру керек деді.  

Сәуле Мешітбай, «Qazaqstan Dauiri» ЖШС бас директоры:

– Мемлекет басшысының марапаты республика бойынша 100-ден астам адамға берілді. Бұл – еңбектің еленгені һәм үлкен жауапкершіліктің жүктелгені. Асылында, тілдің мәртебесін биіктету – тек санаулы адамның міндеті емес. Ол – тұтас ұлттың басты мұраты.

Авторы: Дастан Сейілханұлы

Хабар 24 телеарнасы