420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан коронадағдарыс әсер етпеген мемлекеттердің қатарына енді

  • 330
  • UPD: 13:23, 24.08.2020

Қазақстан тәуелсіз несиелік рейтингтегі коронадағдарыс әсер етпеген мемлекеттердің қатарына енді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұны Fitch халықаралық агенттігі растады.

Ең алдымен бұл рейтинг белгілі бір елдің несиелік тәуекелдері туралы агенттіктердің пікірі екенін айтып өту керек. Ал, ондағы деректер инвесторларға да, нарықтың басқа қатысушыларына да пайдалы. Сарапшылар мемлекеттік қарыз деңгейіне, ұлттық валюта бағамының құбылуына және дағдарысқа қарсы шараларға назар аударды.

Fitch сарапшылары Қазақстанның несиелік рейтингін орташа яғни ВВВ деңгейде қалдырды. Жалпы болжам жаман емес. Бірақ бұл жолы агенттік зерттеуге қатысқан жарты елдің болжамын төмендеткен. Олардың қатарында АҚШ, Канада, Жапония, Еуропа мен Оңтүстік Американың бірқатар мемлекеттері. Ал, біздің елдің рейтингінің орта деңгейде сақталуына бірнеше себеп бар. Бірінші кезекте бұл мемлекеттік қарыздың төмен деңгейі, Ұлттық қордың сыртқы активтерінің тұрақтылығы. Агенттік Үкіметтің дағдарысқа қарсы шараларын да ескерген. Сондай-ақ сарапшылар монетарлық саясатты, атап айтқанда, теңгенің құбылмалы бағамын бағалады. Наурызда ұлттық валюта долларға шаққанда 15%-ке құнсызданды. Ұлттық банктің валюта нарығындағы интервенциясы биыл бір жарым миллиард доллардан асты. Сарапшылар бұл сома 2014-2015 жылдардағы дағдарысқа қарағанда біршама төмен екенін атап өтті.

Қазақстандық 30 компания бизнесті қолдау бағдарламасына ілікті

30-дан астам қазақстандық компания бизнесті қолдау бойынша жаңа бағдарламаның іріктеуінен өтті. Экспорттық акселератор алғаш рет іске қосылды. Жоба отандық бизнестің әлеуетін қолдауға бағытталған. Бастамаға қатысты Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Facebook-тегі парақшасында болжамдарымен бөлісті. Ведомствоның есептеуінше, бұл компаниялардың үштен бірі болашақта жылдық кірісі 12 миллион доллардан асатын тұрақты экспорттаушы кәсіпорындарға айнады. Ал, бюджетке миллиард теңгеге жуық салық түседі. Бақыт Сұлтанов бес жылда акселератор экспортты 410 миллион доллардан астам сомаға арттыруға мүмкіндік береді деп есептейді. Сондай-ақ 34,5 миллиард теңге қосымша салық аударымдары болады күтілуде.

Saudi Aramco Қытайдағы жобадан бас тартты

Сауд Арабиясының басты мұнай компаниясы Saudi Aramco Қытайда ірі мұнай өңдеу кешенін салудан бас тартты. Bloomberg-тің хабарлауынша, құрылыс жұмыстарының құны шамамен 10 миллиард доллар деп бағаланған. Жобадан бас тарту Араб компаниясының шығындарының қысқаруымен байланысты. Дегенмен, Араб компаниясы шешімін өзгертеді деп күткен Қытай мұнай өңдеу зауытының құрылысын жалғастыруды көздейді. Бірлескен кәсіпорын салу туралы келісімге бір жыл бұрын қол қойылған. Әлемдік нарық үшін бұл жоба Сауд Арабиясының Азиядағы әлеуетін нығайту ниетінің дәлелі болды.

Илон Маск жаңа рекорд орнатты

Илон Маск жаңа рекорд орнатты. Оның байлығы 15 миллиард долларға өсті. Ал Tesla компаниясының акциялары 24%-ке қымбаттады. Қазір миллиардердің байлығы 91 миллиард 700 миллион долларға жетті. Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада Илон Маск әлемдегі ең бай адамдардың бестігіне қайта оралды. Шілденің басында Tesla әлемдегі ең қымбат көлік өндірушісі атанды. Ал, жұма күнгі сауда-саттықта компания әлемдегі ең ірі Walmart сатушысының нарықтық капиталдандыруын айналып өтті.

«Нарықтағы баға» айдары

Бүгін өңірлердегі алмұрттың құнын шолып өтеміз.

Қостанайда алмұрттың бір келісі 300 теңге. Петропавлда бұл жемістің құны 860 теңгеге дейін жетеді. Павлодарда 700 теңге. Атыраулықтар алмұртың келісін 750 теңгеден сатып алады. Талдықорғанда аталмыш тауар 300 теңге тұрады. Түркістан дүкендерінде 500 теңге. Елордада алмұрттың келісі 450 теңге.

Нарықтағы баға: 1 кг алмұрт

Қостанай – 300 теңге.

Павлодар – 700 теңге.

Петропавл – 860 теңге.

Атырау – 750 теңге.

Талдықорған – 300 теңге.

Түркістан – 500 теңге.

Нұр-Сұлтан – 450 теңге.

Отандық қаржы нарығындағы сауда-саттық нәтижесі бойынша доллардың орташа бағамы 418 теңге 62 тиын, еуро 494 теңге 43 тиын, рубль 5 теңге 64 тиын.

Хабар 24 телеарнасы