429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Асқар Мамин: Қауіпті індеттің жаңа толқынына дайындықты жеделдету керек

  • 317
  • UPD: 11:02, 30.09.2020

Дәл қазір Үкімет отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Асланбек Шығыр, тілші:

– Келелі жиында еліміздегі эпидемиологиялық ахуал, жылыту маусымына әзірлік төңірегіндегі мәселелер талқыланады. Сондай-ақ кеңжолақты интернетке қолжетімділікті арттыру тақырыбы да тілге тиек болмақ.

Бүгінгі Үкімет отырысында талқыға түскен мәселенің алғашқысы, бұл – елдегі эпидемиологиялық ахуал. Қазір өздеріңіз білесіздер, жағдай тұрақталып келе жатқанымен, арқаны кеңге салып, еркінсуге ерте әлі де. Себебі мамандар коронавирус инфекциясының екінші толқыны болуы мүмкін екенін жақ талғанша жарыса айтып жатыр. Қазір Италия, Украина, Германия секілді елдерде соңғы айда ауру саны өскен. Елімізде қазір қауіпсіздік шараларын сақтап, маска киюге тұрғындар құлықсыз. Бұл аурудың асқынып кетуіне себеп болатыны сөзсіз. Сондықтан сақтық шараларын қатаң сақтау керек екенін Денсаулық сақтау министрі қадап айтты. Статистика бойынша, елімізде 104 мектеп оқушысы коронавирус жұқтырған.

Үкімет басшысы бүгінгі жиында қауіпті індеттің жаңа толқынына дайындықты жеделдету керек екенін баса айтты. Өйткені коронавирус алғаш таралған уақытта біраз қиындық туындаған еді. Өңірлерде науқастарды орналастыру үлкен мәселеге айналған. Ауруханалардағы орын саны мен қажетті медициналық құрал-жабдықтардың жеткілікті болуын қатаң қадағалауды тапсырды Үкімет басшысы. Денсаулық сақтау министрі қазір өңірдерде тұрақтандыру қоры жасақталғанын айтты. Коронавирус инфекциясының екінші толқынында дәрі-дәрмек тапшылығы болмайды. Қазір өңірлерде медициналық препараттардың екі айлық қоры бар. Сондай-ақ елімізде 3000-нан астам өкпені жасанды желдету аппараты бар.

Алексей Цой аппарат санының алдағы уақытта артатынын мәлімдеді. Сондай-ақ келелі жиында жылыту маусымына дайындық та пысықталды. Міне, күздің алғашқы айының соңғы күні – бүгін. Термометр көрсеткіші төмендегені рас. Тұрғындардан түсетін шағым да жоқ емес. Әсіресе, жаңа оқу жылында балалары үйден білім алып отырған отбасыларды мазалайды бұл мәселе.

Үкімет басшысы осы жағдайды назарда ұстап, жылыту маусымында еш кедергінің болмауын бақылауға алуды тапсырды. Статистикаға сүйенсек, соңғы 8 айда отандық кәсіпорындар 70 млн тоннаға жуық көмір өндірген. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 1 процентке көп. Энергокомпаниялар бұл көмірдің 37 млн, ал өндірістік кәсіпорындар 4 млн тоннасын алыпты. Ал 19 млн тонна экспортқа шығарылған. Сондай-ақ халықтың коммуналдық қажеттілігі үшін 4,6 млн тонна көмір жіберіліпті. Сонымен қатар елордада газдан улану дерегін азайту мақсатында жергілікті атқарушы органдар мен демеушілер биыл маусымнан бастап 2000-ға жуық табиғи және улы газ датчиктерін сатып алып орнатқан.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі жылыту кезеңінде халықтың қауіпсіздігіне назар аударып, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі арқылы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Эпидемиологиялық ахуалға байланысты бұрынғыдай үй-үйді аралау қазір қауіпті.

Айта кетейік, бүгінгі отырыста күн тәртібіне қойылған мәселенің бірі – кең жолақты интернетке қолжетімділікті арттыру. Қазір қашықтан оқитын оқушылар мен білім беретін ұстаздар үшін бұл өзекті мәселе. Кейбір өңірлерлерде бұл проблеманың толық реттелмегеніне көз куә. Десе де, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес екі жоба іске асырылып жатыр дейді жауаптылар. Олар талшықты-оптикалық байланыс желісімен байланысты. Сапалы интернетке қосу үшін 1 250 елді мекенге биыл қосымша талшықты-оптикалық байланыс желісі орнатылмақ.

Ал мобильді кең жолақты интернетке келсек, бүгінде меморандумға сәйкес 1 035 ауыл қосымша қамтамасыз етіледі.

Үкімет басшысы дереу жағдайды ретке келтіруді тапсырды. Себебі уақытында орны толмаған олқылық халықтың наразылығын тудырады.

Хабар 24 телеарнасы