386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елорда мектептері қаншалықты цифрландырылған?

  • 77
  • UPD: 09:23, 12.09.2019

Тарыдай болып кіресің, таудай болып шығасың. Ал білім таудай асқақ болуы үшін мектептерде қаншалықты жағдай жасалған?

Құрал-жабдықтар мен оқыту әдістері цифрландырылған ба? Жалпы ел бойынша шалғайдағы кейбір білім ордаларының жай-күйі түсінікті. Кейде ата-аналар көңілін көншітпейтіні рас. Осы орайда бас шаһар мектептері талапқа толық сай келе ме?

Мейірлан Алтынбек, тілші:

Елордадағы мектептер қаншалықты цифрландырылған? Мәселен 73 мектеп-лицейінде жағдай жақсы деп айтуға әбден болады. Интерактивті тақта, арнайы информатика кабинеттері мен осындай STEM зертханалары бар.

Мәселен, оқушылардың қолынан шыққан бұл арба смартфонмен басқарылса, ал мына робот пішінді дүние белгілі бір себептерге байланысты мектепке келе алмай қалған оқушыға сабаққа онлайн қатысуға мүмкіндік береді.

Сағи Жүрсінбек, №73 мектеп-лицейінің информатика пәні мұғалімі:

- Біздің STEM лабораторияда керекті жабдықтармен жабдықталған. Ол жерде оқушыларға арналған ноутбук жеке әрқайсысына және де керекті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Біздің оқушылар бағдарламаумен айналысады. Бастауыш сынып оқушыларына арнайы скретч бағдарламасы бар және 3D принтермен жұмыстар бар. Ал жоғары сынып оқушылары әр түрлі модульмен жұмыс атқарады.

Елордадағы 109 мектептің 88-і мемлекеттік болып саналады. Олардың барлығы дерлік кең жолақты интернет желісімен және компьютерлермен жабдықталған. Электрондық журналдар, күнделіктер және аудиокітаптар бар. Былтыр бірінші сыныпқа қабылдау жөнінде 17 мың электрондық өтінім түссе, биыл жыл басынан 23 мыңнан асты.

Жазира Асанова, қалалық білім басқармасының стратегия және цифрлық технологиялар бөлімінің басшысы:

- Әр мектеп өзінің қажеттілігіне сай бюджеттік өтінім дейміз ғой, сондай сұраныстар бізге жібереді. Соған сай біз қаражат бөлеміз. Кейбір мектептерге зертхана, интерактивті тақта, компьютерлік сынып керек болуы мүмкін. Әрқайсысында әртүрлі. Бұл мектеп басшылығына байланысты. Егер мектеп басшылығы уақытылы бізге бюджеттік өтініштер тапсырылатын болса, онда олар әрине, өз уақытында қажетті заттар мектепке алынады.

Ал бұл мектеп 1979 жылы салынған. 2500-ге жуық бала екі ауысымда оқиды. Өткен жылы жөндеу жұмыстарына 300 млн теңгеден астам қаражат жұмсалған. Кабинеттері жаңғыртылып, есік-терезелері ауыстырылды. Алдағы уақытта жаңа еден төсеу көзделіп отыр. Сондай-ақ осыдан екі жыл бұрын аумағы кеңейтіліп, 3 қабатты жанама корпусы салынған болатын. Осылайша, нысанның жалпы ауданы 11 мың шаршы метрге дейін ұлғайды.

Балжан Айтмұхаметова, Т.Айбергенов атындағы №16 орта мектеп директоры:

- Қосалқы ғимаратты 2017 жылы салған. 525 балаға арналған, бірақ бізде бүгінгі таңда 1300 бала осы ғимаратта оқиды. Барлық жабдықтармен толығымен қамтылған. Интерактивті тақталар, компьютерлер барлығы жеткілікті.

Сондай-ақ мектепте роботты техника кабинеті бар. Ал STEM зертханасы келер жылы ашылады.

Айта кетейік, елордада тек 45 мектепте ғана STEM зертханасы жұмыс істейді. Осы оқу жылында қалған білім ордалары қамтылмақ.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Әділғазы Төлеміс

Хабар 24 телеарнасы