377,86 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақылы тұрақтар елорданың қай тұстарында ашылады

  • 333
  • UPD: 15:03, 24.12.2019
Ақылы тұрақтар елорданың қай тұстарында ашылады ҚазАқпарат

Елорда жолдарында өткізу қабілетін арттыруға, көшелер мен даңғылдарда көлік жүктемесін жеңілдетуге ақылы тұрақ кеңістігін басқару жөніндегі жоба көмектеседі.

Нұр-Сұлтан қаласында ақылы тұрақ орындары 2018 жылдың 15 қаңтарынан бастап қолға алынды. Жыл басынан бері тұрақ жүйесінің қызметін 19 мыңнан астам автокөлік иелері пайдаланды. Ал тұрақ ақысын төлеуден жалтарған пайдаланушыларға 160 млн теңге көлемінде 31 мыңнан астам айыппұл салынған.

2019 жылдың соңына дейін тағы 4 мыңнан астам көлік тұрағы ақылы жүйеге көшеді. Ақылы орындарды тестілеу кезінде көлік иелері жаңа жүйенің жұмысымен танысуы үшін тұрақ орнына төлем алынбайды. Халықаралық жүйе бойынша жабдықталған ақылы тұрақ Алматы, Есіл және Сарыарқа аудандарында ашылады. Нақтырақ тоқталар болсақ:

Алматы ауданында: Тәуелсіздік, Мұңайтпасов, Жұбанов, Момышұлы көшелерінде;

Сарыарқа ауданында: Республика және Әуезов көшелерінде;

Есіл ауданында: Қонаев, Достық, Сарайшық, Мәңгілік Ел көшелерінде және Қабанбай батыр мен Тұран даңғылдарында ашылады.

Қазіргі уақытта ақылы тұрақтың бір сағаты 100 теңге тұрады. Төлем тұрақ сессиясы басталғанға дейін алдын ала төленеді. Оның ақысы көлік тоқтағаннан кейін 30 минут ішінде төленуі керек. Ақылы жүйе таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін жұмыс істейді.

Жүйе ақысын төлеудің түрлі жолдарын ұсынады: банк картасы, қолма-қол, SMS-хабарлама және мобильді қосымша арқылы.

Бір жыл ішінде ақылы автотұрақтарды пайдаланушылар 237 мыңнан астам транзакция жасады. «Астана тұрақтары» қосымшасы қолданушылар арасында кеңінен танымал. Қосымша арқылы тұрақ төлеу кезінде тарифтеу тәулік бойы жүргізіледі. Егер жүргізуші уақытынан бұрын тұрақ алаңынан шығып кетсе, оның ақысы төленген уақыты тұрақ шотында сақталады және келесі тұрақ сессияларын төлеу үшін пайдалануға жарамды болмақ.

«Ақылы тұрақтың басты мақсаты – көше-жол желісінде жүктемені азайту. Жобаны жүзеге асыру жолдардағы проблемалы учаскелерді жеңілдетуге және жол қозғалысының қауіпсіздігін айтарлықтай арттыруға көмектеседі. Ақылы жүйе іске қосылғалы бері әрбір тұрақ орнының айналымдығы 3 есе өсті», – дейді «Көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС-ның жетекшісі Шыңғыс Досыбаев.

Автотұрақ аймақтарын фото-видео тіркеу құралдарымен жабдықталған арнайы көліктер патрульдейді. Тұрақ алаңындағы бұзушылықтар әкімшілік полицияға беріледі. Көлік тұрағын төлеуден жалтарғаны үшін айыппұл 3 АЕК-ті (7 215 теңге) құрайды. Жеңілдігі бар азаматтар тұрақ үшін ақы төлеуден босатылады. Демалыс және мереке күндері автотұрақтар тегін.

Хабар 24 телеарнасы