Былтыр Қазақстанның несие нарығы 23 трлн теңгеден асқан.
Бүгін Алматыда өткен брифингте Бірінші несиелік бюроның атқарушы директоры Әсем Нұрғалиева осындай мәліметпен бөлісті. Жеке тұлғаларға берілген несие 6 триллионнан асса, бизнеске берілгені 17 трлн 200 млрд теңгеге жеткен. Екі бағыт бойынша да өсім бар. Қарыз алушылардың 19,5 проценті берешегін келісімшартта көрсетілген кестеден кешігіп төлейді екен.
Әсем Нұрғалиева, Бірінші несиелік бюроның атқарушы директоры:
- Ипотекалық несиеге келетін болсақ, мұндағы орташа несие мөлшері шамамен 8 миллион теңгеге жетті. Бұл секторға жалпы несие нарығының 25% тиесілі. Өткен жылы жалпы сомасы 600 миллиард теңге болатын 75 мың ипотекалық несие берілген.