377.97 423.44 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанның көрікті жерлері қаншалықты насихатталып жүр?

  • 165
  • UPD: 09:36, 20.04.2019

«Қазақстанның тұмса табиғаты отандық туризмді дамытуға мол мүмкіндік береді. Бірақ ол үшін инфрақұрылымға көңіл бөлу керек», – дейді «Almaty Travel Fest 2019» форумына жиналғандар.

Үшінші жыл қатарынан өтіп жатқан шарада туристер мен саяхат саласына қатысты бар мамандар бас қосты. Олар туризмдегі түйінді мәселелерді ортаға салып, тығырықтан шығудың жолдарын талқылады.

Форумда отандық және шетелден келген саяхатшылар туризмді дамыту туралы ойларымен бөлісті және өздерінің жүріп өткен жолдарында басынан өткен қызықты оқиғаларын айтты. Нұржан Алғашов «Qazaq Geography» экспедициясына қатысқан. Ұлы Жібек жолы арқылы Сарыарқа мен Арал теңізіне дейін айлап жүрген кезде көліктері бұзылып, шілденің шіліңгір ыстығында ауызсусыз қалыпты. Бірақ мұндай қиындықтар саяхатшыларға еш кедергі емес. «Себебі ұлы дала жеріндегі әсем табиғатты, көз тартар көрікті жерлерді көргенде бәрін ұмытасың», – дейді ол.

Ал Ресейден келген кәсіби саяхатшы Қазақстанға келген үш күннің өзінде бірнеше жерге баруды жоспарлап отыр екен.

Евгений Андросов, кәсіби саяхатшы /Ресей/

– Қазақстанның табиғаты керемет, сан алуан. Осы жолы мен Шарын үстіртіне баруды жоспарлап отырмын. Менің ойымша, АҚШ-тағы үстірттен еш айырмашылығы жоқ. Тек оны бүкіл әлем біледі, ал мұндағы үстіртті көпшілік біле бермейді. Демек насихатты күшейту керек.

28 адамнан құралған «Qazaq Geography» жорығы отандық туризмді насихаттаумен қатар ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Мысалы былтыр олар Арал теңізінің экожүйесін зерттеп, талдамасын алған. Биыл сондай жұмыстарды жалғастыруды көздеп отыр.

Авторлары: Алуа Маханбет, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы