379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде жеңілдетілген автонесиеге бюджеттен қосымша 8 млрд теңге бөлінді

  • 161
  • UPD: 22:29, 06.05.2019

Елімізде жеңілдетілген автонесие беру үшін республикалық бюджеттен қосымша 8 млрд теңге бөлінді.

Осылайша азаматтарға жаңа әрі қолжетімді темір тұлпар иесі атану үшін таптырмас мүмкіндік беріліп отыр. Қаржыландыру бағдарламасының агенті болып саналатын "Бәйтерек" Холдингінің еншілес ұйымы  - «Қазақстанның даму банкі» АҚ осымен төртінші транш бөліп отыр.

Жеңілдікпен автонесие беру бағдарламасы шеңберінде бұған дейін қаражат үш мәрте бөлінген болатын. Олар 2015-2016 жылдары Ұлттық қордан жалпы сомасы 26 млрд теңгеге тең бірінші және екінші транштар. Былтыр республикалық бюджеттен бағдарламаға 8 млрд теңге жіберілсе, биыл тағы да осынша қаражат үлестірілді.

Әділ Исмағамбетов,  «Қазақстанның даму банкі» АҚ Басқарушы директоры:

- Бүгінде аталған бағдарламаны қаржыландыру үшін республикалық бюджеттен қосымша 8 млрд теңге бөлініп, коммерциялық банктерге жіберілді. Қазіргі уақытта жаңа жылжымалы мүлік нарығында сұраныстың жоғары екенін ескерсек, қаражат қысқа мерзім ішінде игеріледі деп күтіліп отыр.

Жеңілдетілген автонесие алу тәртібі мынадай: барлық өтінімді коммерциялық банктер қабылдайды. Кейін олар мақұлданған құжаттарды Қазақстанның даму банкіне жібереді. Ол, өз кезегінде, өтінімнің бағдарлама шарттарына сәйкестігін қадағалайды. Таңдалған жеңіл көліктің құны 15 млн теңгеден аспауы қажет, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 4 процент. Ал несие төлеу мерзімі 7 жылға дейін болуы керек. Өз шешімін "Қазақстанның даму банкі" коммерциялық банктерге 3 жұмыс күннің ішінде жібереді. Айта кетейік, биылғы қаражат 5 банктің арасында үлестірілді.

Азамат Тұрсынбекұлы, «Қазақстанның даму банкі» АҚ Бас менеджері:

- Бұл келсі банктерге бөлінді. Сбербанк, ЦентрКредит, Еуразиялық Банк әрқайсысына 2 млрд-тан бөлінсе, ал Халық банк пен ВТБ Қазақстан банкіне 1 млрд теңгеден қаржы бөлінді.

Осылайша төртінші траншты қоса алғанда 2015 жылдан бері жеңілдетілген автонесие беру бағдарламасына 42 млрд теңге қаржы бағытталған. Осы уақыт аралығында 13 600 көлік сатылды.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы