384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алакөл жағалауы жаңа маусымға дайын

  • 191
  • UPD: 08:37, 20.06.2019

Алакөлдің туристік аймағы демалушылар үшін таптырмас орынға айналған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оны дамытуға 5 миллиард теңге қарастырылды. Туристердің ыңғайлылығы үшін жолдар жөнделіп, жағасы кеңейтіліп абаттандырылып отыр. Биыл осы аймаққа шамамен бір миллионға жуық турист келеді деп жоспарланған.    

Соңғы жылдары Алакөл жағалауы түрленіп шыға келді. Оны абаттандыруға 5 млрд теңге жұмсалды. Бұған қоса, туристік аймақтың алдағы төрт жылдық кешенді дамыту жоспары жасалды. Бұл мақсатқа 30 млрд теңге бағыттау жоспарланған.

Дидар Хамитов, Үржар ауданы әкімінің орынбасары:

– Алакөл көлі еліміздегі аса маңызды нысандардың алдыңғы ондығына кіріп, ішкі туризмді дамытатын нысандардың бірі саналады. Үржардың әуежайын 2500 метрге дейін ұзарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар биыл Алакөлге интернет желісі тартылады.  

Жаңа туристік маусымға орай теміржол тасымалы рейстері ұлғайтылып, Бақты-Таскескен бағытындағы автожол жөнделеді. Жағалауды абаттандыру ісі жалғасады. Одан қалды инвесторларға 60 гектар жер бөлінеді. Қазір екі 4 және 3 жұлдызды қонақүйлер құрылысы рәсімделген. Алакөлде жалпы саны 175 демалыс үйі бар.

Рифкат Исаев, туристік ақпарат орталығының басшысы:

– Осы туристік ақпарат орталығына келген туристер Алакөл жағалауы бойынша және Үржар ауданының туристік объектілері бойынша толыққанды 24 сағат мәлімет алады. Мұнда әуежайдың ұшу-қону графигі орналасқан. Автобустар, теміржол графиктері және бағалары осында көрсетілген. 

Емдік қасиеті бар су қоймасы қазақстандықтар мен шетелдік туристердің қолайлы демалыс орнына айналған. Шипажай аумағында өзіндік Арбат алаңы, бірнеше саябақ және мейрамханалар орналасқан.   

Борис Алшоразов, демалыс үйінің әкімшісі:

– Өзіміздің жерімізде демалған дұрыс. Күллі әлемге танымал Арасан-Алакөл деген шипалы су қоймасы бар. Мұнда өте ыңғайлы. Демалушыларға сан түрлі қызмет көрсетеміз.

Нұрлан Бұқатов, турист:

– Алғаш рет 2014 жылы келдік. Ол кездері мұндай сервис болған жоқ. Биыл бәрі өзгеріп кетіпті. Жақсы, бізге ұнады.

Биыл Алакөл жағалауына келетін туристер саны рекордтық көрсеткішке жетпек. Болжам бойынша шипалы су қоймасында миллиондаған адам демалады.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Әсем Өтешева, Медет Өмірханов

Хабар 24 телеарнасы