388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркиядағы пойыз апатына байланысты 3 адам қамауға алынды

  • 529
  • UPD: 00:21, 14.12.2018

Түркия астанасы Анкарада жүрдек пойыз апатқа ұшырып, салдарынан 10-ға жуық жолаушы опат болды. Тағы 50-ге жуық адам жарақат алды. 

Түркияның Анкара қаласында орын  алған жүрдек пойыз апаты салдарынан қаза тапқандардың саны 9-ға жетті. Оның 3-еуі темір жол қызметкері. Тағы 47 кісі жарақат алды. Олардың кейбірінің жағдайы ауыр. 206 жолаушыны тасымалдаушы жүрдек пойыз, Анкара - Кония қаласы бағыты бойынша жолға шыққан. Станциядан шыққан пойыз 4 минуттан кейін темір жол орабындағы локомотивпен соқтығысып, рельстен шыққан. Апатта пойыздың 2 вагоны темір жол бойындағы көпірге құлап кеткен. Зардап шеккендер апат орнына жақын жерлерде орналасқан ауруханаларға жеткізілді. Соңғы ақпаратқа сәйкес, тергеу жұмыстары басталып, апатқа байланысты 3 теміржол қызметкері қамауға алынды. Апатқа байланысты Бірлескен тасымал жұмысшылары кәсіподағы Анкара бөлімшесінің жетекшісі, теміржол жұмысшысы Исмаил Өздемир «Хабар 24» арнасына арнайы сұхбат берді.

Исмаил Өздемир, Бірлескен тасымал жұмысшылары кәсіподағы, Анкара бөлімшесінің жетекшісі, темір жол жұмысшысы:

-Жолдар жаңа іске қосылған болатын. Бұрында 3 жолақты темір жол қызмет көрсететін. Алайда,  бұл жеткіліксіз болды. Осы себепті, тағы 2 темір жол жолағы қосылып,  саны 5-ке көтерілді. Негізі жоспар бойынша құрылысты жасаушы компания жолды 24 айда бітіруі тиіс еді. Бірақ жол мерзімінен бұрын іске қосылды. Осының салдарынан, темір жолда болуы тиіс сигнализация жүйесі қойылған жоқ. Бұл бүгін пойыз бен локомотив жүргізушілері арасындағы байланыстың болмауына жол ашты деп ойлаймын.

Елдің тасымал және инфрақұрылым министрі Жахит Турхан, ауруханаға апарылған азаматтардың жағдайын сұрап, апатқа қатысты ақпаратпен бөлісті.

Жахит Турхан, ТР тасымал және инфрақұрылым министрі:

-  Апатта 8 кісі қаза тапты. 48 кісі ауруханаға жеткізілді. Өкінішке орай, бір жолаушымыз медициналық қызмет көрсету барысында көз жұмды. Оқиғаға қатысты тергеу және зерттеу жұмыстары басталды. Қаза тапқандардың туыс-жақындарына көңіл айтып,  жарақат алғандардың тез сауығып кетуіне тілектеспін.

Пікірлер сан қилы.Оқиғаның не себепті орын алғандығы жайлы қазірше нақты  ақпарат жарияланған жоқ. Жағдайға қатысты тергеу жұмыстары қарқынды жалғасуда.

Авторлары: Меруерт Қанағат, Седат Денли

Хабар 24 телеарнасы