377.33 425.55 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркияда 2023 жылы су қоймасының саны мың жарымға жақындайды

  • 125
  • UPD: 15:31, 26.03.2019

Түрік елінде қазіргі таңда жан басына шаққанда су көлемі 1400 текше метрді құрайды.

Бұл көрсеткіш 20 жыл бұрынғымен салыстырғанда 18 процентке аз. Түрік мамандары су көлемінің 2030 жылы бұдан да төмендеуі мүмкін деп дабыл қағып отыр.

Әлемде халық санының артуы мен климаттық өзгерістер салдарынан жер асты су ресурстары төмендеп су тапшылығы туындауда. 2030 жылы Түркияға да осындай қауіп төнуі мүмкін. Мұнымен күресу үшін ел үкіметі 2023 жылға дейін су қоймаларының санын екі есе арттырып, 1454-ке жеткізуді көздеп отыр.

Бекир Пакдемирли, орман және су шаруашылығы министрі:

- 2002-2017 жылдар аралығында 451 су қоймасы іске қосылды. 2023 жылға дейін 727 қойманың құрылысын аяқтап, елдегі су қоймаларының санын 1454-ке жеткізуді көздеп отырмыз. Биыл елдегі жауын-шашынның артуына байланысты қоймалардың 50 проценттен астамы сумен толықты. Жазғы маусымға су жеткілікті.

Түрік су қоймалары заманауи технологиялармен жабдықталған. Сондай-ақ отандық және шетелдік мамандар тарапынан жетілдірілген. Жергілікті биліктің айтуынша, қоймалардағы су ішуге жарамды. Денсаулыққа зияны жоқ. Дегенімен ел тұрғындары арасында мұнымен келіспейтіндер де бар.

Күбра Өзгүн, Анкара тұрғыны:

- Отбасымызбен бөтелкедегі суларды қолданамыз. Қаншалықты денсаулыққа зияны жоқ, тазартылған десе де тамақ жасағанда крандағы суды пайдаланбауға тырысамын. Ана жолы кішкентай жиенім краннан су ішіп, ауырып қалды. Бұл жағдай бізді әбден әбігерге салды.

Фатма Эрдоғдұ, Анкара тұрғыны:

- Үйде қосымша сүзгілер арқылы тазартылған суды ішеміз. Бұл тиімді әрі залалсыз. Менің ойымша, бұл құрылғылар әрбір үйге міндетті түрде орнатылуы тиіс.

Азин Мохтари, Анкара тұрғыны:

- Өзім крандағы суды қолданамын. Теледидар мен мерзімдік басылымдарда судың халықаралық стандартқа сәйкес тазартылғаны жиі айтылады. Үйге келген қонақтар да шағым айтпайды. Тек сәби кезінде балаларыма қайнатып беретінмін.

Жалпы елде судың 72%-ті ауыл шаруашылығында, 12%-ті өндіріс саласында, 16%-ті ауызсу ретінде пайдаланылады. Үш тарапы теңізбен қоршалған елде ауызсу тапшылығы – жиі кездесетін құбылыс. Осыған байланысты түрік үкіметі телеарналар мен қоғамдық орындарда суды тиімді қолдану үшін әлеуметтік жарнамалар мен арнайы науқандарды қолға алған.

Авторы: Меруерт Қанағат

Хабар 24 телеарнасы