379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мадуроның Кубаға қашпақ болғаны рас па?

  • 202
  • UPD: 09:01, 02.05.2019

Венесуэладағы дағдарыс әлемдік БАҚ пен халықаралық қоғамның назарында. Өйткені оппозиция көшбасшысы, өзін өзі уақытша президент етіп жариялаған Хуан Гуайдо елде төңкеріс жариялады.

Мадуроны биліктен құлату үшін венесуэлалықтарды көшеге наразылық шарасына шығуға шақырды. «Егемендік операциясы» атауын алған ереуілдің соңы қақтығысқа ұласты. Зардап шеккендер бар. БҰҰ мен өзге де халықаралық ұйымдар тараптарды сабырға келуге шақырды. Сонымен бұл мемлекеттік төңкеріс пе? Әлде «Егемендік операциясы» ма?

Бір адам қаза тауып, жүзден аса тұрғын түрлі деңгейде жарақат алды. Венесуэладағы ереуілдің салдары осындай. Бұл туралы «Provea» үкіметтік емес ұйымы мәлімдеді. Елдегі жағдай  оппозиция басшысы Хуан Гуайдоның мәлімдемесінен соң ушыға түсті. Өзін-өзі уақытша президент етіп жариялаған Гуайдо Ла-Карлота әскери базасында ұлттық әскердің өз тарапына өткенін жариялады. Халықты «Егемендік операциясының» соңғы кезеңіне шығуға шақырды.

Хуан Гуайдо, оппозиция көшбасшысы:

- Ұлттық әскер біздің жақта. Барлығымыз бірігіп, ел болшағы үшін, егемендік үшін күресуіміз қажет. Мыңдаған халық оппозицияны жақтап, көшеге шығып жатыр. Халықаралық ұйымдардан да қолдау сөздер естіп жатырмын. Бұл істі соңына дейін жеткізіп, Мадуроны тақтан құлатуымыз керек. Билік ауысу үдерісі бейбіт түрде жүзеге асатын болады.

Хуан Гуайдо айтып отырған бейбіт үдерістің соңы қақтығысқа ұласты. Көшеге шыққан халық оппозиция жақтастары және ұлттық әскерді сатқындарға балаған қазіргі президент Мадуро жақтастары деп бөлінді. Ол аздай бір-біріне тас лақтырып, ереуіл басталып кетті. Тіпті Ұлттық Гвардияның брондалған автокөлігі бір топ адамның үстінен жүріп өтті.

Одан бөлек АҚШ отқа май құйғандай болды. Мемлекеттік хатшы Майк Помпео «Николас Мадуро Кубаға қашпақ болды" деген сұхбат беріп, жағдайды одан әрі ушықтыра түсті.

Майк Помпео, АҚШ Мемлекеттік хатшысы:

- Николас Мадуро ұшағын дайындап, Кубаға қашпақ болған жерінен Ресей елі көндірген. Солардың қолдауымен Мадуро елде билікте қалып отыр. Дегенмен, біз тағы бір мәрте ескертіп өтейік. АҚШ оппозиция басшысы Хуан Гуайдоны қолдайды. Венесуэлалықтардың егемен елде өмір сүруі үшін қолдан келгенін жасайды.

АҚШ тарапының бұл мәлімдемесіне Ресей тарапы бірден жауап қатты. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарованың айтуынша «бұл фейк ақпарат». Вашингтон сол арқылы халықтың санасына ақпараттық шабуыл жасап отыр. Бұл айыпты қазіргі президент Николас Мадуро да мойындамады.

Николас Мадуро, Венесуэла президенті:

-Майк Помпеоның жасаған мәлімдемесіне барып тұрған жалған ақпарат. Джон Болтонда ұлттық әскерді маған қарсы қоймақ. Сол арқылы елде осындай көтеріліс ұйымдастырып отыр. Ұлттық Гвардия қашанда мені, үкіметті қолдайды. Елде рұқсат етілмеген ереуіл ұйымдастырып, ел тұтастығына залалын тигізген Хуан Гуайдо сот алдында жауап береді. Бұл қылмысқа қатысы бар әрбір тұлға тергеуге тартылады.

Тараптар осылай бір-біріне айып тағып жатқанда, елде ереуіл өршіп барады. Билігі екіге бөлінген елдің халқы да қаққа жарылды. Бұл орайда БҰҰ мен халықаралық ұйымдар тараптарды сабырлы болуға шақыруда. Ал әлем елдерінің бірі Гуайдоны қолдаса бірі Мадуроның сөзін сөйлеуде.

Авторы: Жансұлу Дүйсенәлі

Хабар 24 телеарнасы