385,96 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Грузиялықтар Дидгороба мерекесін тойлауға қазақстандықтарды шақырды

  • 107
  • UPD: 17:45, 13.08.2019

Грузиялықтар Дидгороба мерекесін тойлады.

Атаулы дата жергілікті халық үшін бірлік пен жеңіс күні саналады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл мерекелік іс-шараға «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының мүшелері де арнайы шақырылды. Сондай-ақ ашық аспан астындағы сахнада қазақтың ұлттық әндері орындалды. Грузин халқы үшін қасиетті саналатын бұл мерекеге қазақтардың қандай қатысы бар дерсіз?

Талғатбек Әбдіқожаев, тілші:

- 1121 жыл грузин тарихындағы «Алтын ғасырдың» бастауы саналады. Себебі дәл осы жылы грузин патшасы Дэвид IV қыпшақтың ханы Артықпен одақ құрып, жауына ойсырата соққы береді. Мемлекетті жер бетінен мүлде жойылып кетуден сақтады. 900 жылға жуық уақыт өтсе де, грузиндер үшін бұл жеңіс қасиетті. Жыл сайын атап өтеді. Дидгор шайқасы өткен осы төбеге жиналып, жас пен кәрі тарихтан сыр шертеді. Ұлттық спорттарын ойнайды. Ұлттың рухын көтереді.

Биыл мерекені тойлауға қазақстандықтар да шақырылды. Себебі Давид төртіншінің жеңіске жетуіне қыпшақ жауынгерлерінің қосқан үлесі ұшан теңіз. Сондықтан құрметті қонақ ретінде қатысып, дәстүрлі әннен тарту жасады.

Тарихи деректерге қарағанда, осы ұрыста Давид IV қолдау көрсету үшін Грузияға Дешті Қыпшақ даласынан 40 мың отбасы, яғни 200 мың адам келген. Жеңіске жеткен патша олармен байланысын бекемдей түсу үшін малға жайлы шұрайлы жер беріп, барынша жағдай жасаған. 

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының жетекшісі:

- Бұл арада біздің бабаларымыздың шайқасқан, бірге болған, бірге қан төгіскен жерде олардың аты да жазылуы керек. Қанша адам қатысты?! Егер екі халықтың арасын бұрынғыдан да тығыз байланыстырғымыз келсе, Тбилиси қаласында және Нұр-Сұлтан қаласында ескерткіш орнату керек. Біздің Қазақстанда да осындай жеңістер болды. Сол жерлерге біз осындай үлкен кешен орнатсақ, жастарды жинап, тойлап отырсақ, сонда жастардың патриоттық сезімі оянып, жоғарылауы мүмкін.

Грузия тарихындағы ұлы жеңісті ұлықтауға келушілердің қатары да жыл сайын артып жатқаны байқалады. Биыл Дидгор тауына тарихты құрмет тұтатын тұрғындармен қатар елдің премьер-министрі де келді. Жұртшылықты мерекемен құттықтаған Мамука Бахтадзе бұл күн грузин бірлігінің бастауы екенін атап өтті.

Мамука Бахтадзе, Грузияның премьер-министрі:

- Жұдырықтай жұмылып, бірігудің арқасында бабаларымыз дәл осы жерде азулы қарсыласына тойтарыс беріп, елімізді жау шапқыншылығынан аман алып қалды. Сондықтан Дидгор тауы – бірлік пен отансүйгіштіктің үлгісі. Осы жеңіс пен одан кейін мемлекетті құруда жасалған стратегиялық қадамдардан біз сабақ алуға тиіспіз. Бірнеше ғасыр өтсе де, әрбір грузин үшін Дидгор шайқасы әлі жалғасып жатыр.

Мерекені тойлау барысында ұлттық дәстүр дәріптелді. Бағзы замандағы ұрыс тәсілдері көрсетіліп, тарихи қойылымдар сахналанды. Спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Елеулі күнді ел жадында мәңгі сақтау үшін жергілікті билік 2021 жылы Дидгор шайқасының 900 жылдығын республикалық деңгейде өткізуді жопарлап отыр.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Самат Бекбатыров

 

Хабар 24 телеарнасы